Todayinfo.kz
NewsView all articles

Шахтинскта жарылыс болып, 8 адам жараланды

Шахтинск қаласында көпқабатты үйде газ жарылып, сегіз адам зардап шекті. Олардың арасында тұрғындарды эвакуациялап жатқан бес полицей бар.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Шахтинскта жарылыс болып, 8 адам жараланды
Шахтинск қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллоны жарылып, сегіз адам зардап шекті. Олардың бесеуі – оқиға орнына бірінші жеткен полиция қызметкерлері, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 102 нөміріне пәтерлердің бірінен газ иісі шығып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары құтқарушыларды күтпестен, бірден тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіре бастаған. Дәл осы кезде жарылыс болған. Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндірушілердің шақырту орнына төрт минут ішінде жеткенін хабарлады. Жарылыстан кейін тұтанған өрт жиһаз бен үй заттарын шарпыды. Құтқарушылар баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан бес адамды алып шықты. Зардап шеккендер үшін арнайы жылыту бекеті ұйымдастырылды.
«Оқиға салдарынан сегіз адам зардап шекті, оның бесеуі – полиция қызметкері. Барлығы медициналық мекемеге жеткізілді. Өрт жалпы ауданы 40 шаршы метр жерде сөндірілді», – делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы ер адамды ұстады.
«Қазір ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасына жатқызылып, күзетке алынды. Күдікті сауыққаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалады», – деп хабарлады департамент.
Қазіргі таңда оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып, жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Фото: Әлеуметтік желіден

Related

Шахтинскта жарылыс болып, 8 адам жараланды · Todayinfo