Құқық қорғаушы Амангелді Айталы Шерзат Полаттың отбасын қауіпсіз жерге көшіру шаралары қабылданғанын мәлімдеді. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отбасы жаңа баспанаға көшірілді
Амангелді Айталының айтуынша, Шерзат Полаттың отбасы басқа аймаққа көшірілген. Ол бұл шешімнің қауіпсіздік мақсатында қабылданғанын атап өтті."Біз отбасыны басқа аймаққа ауыстырдық. Қазір отбасы жаңа үйде, қауіпсіз жерде орналасқан. Бұл ақпаратты бұған дейін жарияламадық," – деді құқық қорғаушы.Алайда отбасының адвокаты Саида Тәуекелова әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетілмегенін айтты.
Әкімдіктің ұсынған көмегі орындалмады
Саида Тәуекелованың сөзінше, жергілікті әкімдік отбасыға үй салу жөнінде ұсыныс жасағанымен, кейін көмек көрсетілмеген."Әкімдік өкілдері өртенген үйдің орнына жаңа үй салып береміз деп уәде берген еді. Бірақ үйді тазалау жұмыстары бойынша да ешқандай қолдау болмады. Тіпті әкімдік тарапынан келіп, отбасының көмектен бас тартқанын бейнежазбаға түсіреміз деген жағдайлар да орын алған," – деді адвокат.




