Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды. Ведомство мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері елімізде 69 бала суға батып көз жұмған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
ІІМ дерегінше, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген әрі арнайы жабдықталмаған орындарда болған.
– Шомылу маусымы басталғалы бері елімізде 69 бала суға батып, көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылыңыздар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар және оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер, – деді ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.
Министрлік аптап ыстықтан кейін бірден суық суға түспеуге және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Сонымен қатар ведомство тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Жыл басынан бері осы құқық бұзушылық бойынша 2 700-ден астам адам жауапқа тартылған.
– Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен өз жауапкершіліктеріңізде екенін ұмытпаңыздар! – деп үндеу жасады Арман Саданов.




