Todayinfo.kz
NewsView all articles

Шымкенттегі ЖЭО құрылысы: Тендерді ұтқан компанияның артында кім тұр?

Шымкенттегі ЖЭО құрылысы бойынша өткен тендерді белгісіз компания күдікті бағамен жеңіп алды. Оның артында басқа да ірі жобаларға қатысы бар ықпалды топ тұруы мүмкін.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Шымкенттегі ЖЭО құрылысы: Тендерді ұтқан компанияның артында кім тұр?

Президент жаңа жылу электр орталықтарының (ЖЭО) құрылысы созылып бара жатқанын сынағаннан кейін, Шымкенттегі газ электр станциясын салу бойынша қайта аукцион өтті. Алғашқы бәссаудаға жалғыз қатысушы ретінде түріктің Aksa Energy компаниясы тіркеліп, тендер өтпей қалған болатын, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Алайда қайта өткен аукционға жаңа ойыншылар келіп, бағаны бірден 59%-ға дейін төмендеткен. Нәтижесінде қуаты 500 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу құқығын NextGen Power Systems Ltd. жеке компаниясы жеңіп алды. Олардың ұсынған бағасы – 9 600 000 теңге/МВт*ай (ҚҚС-сыз).

Сарапшылар бұл компанияның 9 теңгелік тарифпен алып станцияны тұрғыза алатынына күмәнмен қарайды. Бұл баға нарық үшін тым төмен саналады.

Осыған байланысты кейбір мамандар бұл компания Шымкенттегі станция құрылысын әдейі тоқтату үшін ойынға қосылған болуы мүмкін деген болжам айтады. Себебі бұл өңірде құрылысы ұзаққа созылған 1 ГВт-тық Түркістан станциясы бар. Егер Шымкенттегі жаңа станция одан бұрын іске қосылса, бұл біраз ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.

Бұл тек болжам болғанымен, Шымкенттегі тендерді ұтқан NextGen Power Systems Ltd. компаниясының құрылтайшысы Түркістандағы станция құрылысына қатысы бар және 2,64 ГВт-тық Екібастұз ГРЭС-3 жобасын жоспарлап отырған компаниямен тығыз байланысты екені айтылуда.

Сонымен қатар, дәл осы топқа қатысы бар компанияның кесірінен 1 млрд текше метрлік Қашаған газ өңдеу зауытын іске қосу кешіктіріліп жатқаны да белгілі. Нәтижесінде ұлттық компанияның топ-менеджерлері апта сайын нысанды өздері тексеруге мәжбүр, бірақ бұл – тікелей мердігердің міндеті.

Инвестиция көлемі 10 млрд доллар болатын Атыраудағы газ-химия жобаларындағы су дайындау жұмыстары да осы компанияға тәуелді. Бұл жағдайлар сарапшылар арасында жаңа алаңдаушылық туғызып отыр.

«Біз осылайша мемлекеттік институттарға бағынбайтын қазақстандық «шәбәлдерді» (ірі бизнес-конгломераттар) өзіміз құрып жатқан жоқпыз ба? Кейін шенеуніктерді олардың сөзін тыңдамағаны үшін сынаймыз. Қазір ірі бизнестің позициясы күшейіп, институционалдық биліктің әлсірегені анық байқалады», – дейді сарапшылар.

Related

Шымкенттегі ЖЭО құрылысы: Тендерді ұтқан компанияның артында кім тұр? · Todayinfo