SriLankan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы ұшу кезінде найзағай соғып, әуежайға кері оралуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.

Оқиға салдарынан ұшақтың сол жақ қозғалтқышының бір бөлігі зақымданғанымен, экипаж әуе кемесін сәтті қондырды. Борттағы ешбір адам зардап шеккен жоқ.

Оқиға 12 маусым күні Коломбодан Сиднейге бағыт алған UL606 рейсі кезінде болған. Ұшу барысында жолаушылар қатты жарылған дыбысты естіп, кейін сол жақ қозғалтқыш маңынан ұшқын шыққанын байқаған.

Осыдан кейін ұшақ командирі рейсті жалғастырмай, Коломбо халықаралық әуежайына кері қайту туралы шешім қабылдаған.

Қону аяқталған соң техникалық мамандар ұшақтың сол жақ қозғалтқышындағы шығару соплосының (выхлопное сопло) едәуір бөлігі жоқ екенін анықтады. Соған қарамастан, борттағы 207 жолаушы мен 16 экипаж мүшесі дін аман қалды.

Кейін әуе компаниясы жолаушыларға қосалқы ұшақ ұсынып, ол Коломбодан жергілікті уақыт бойынша 05:51-деұшып, Сиднейге 20:00-де қонды. Рейс бастапқы кестеден бес сағаттан астам кешігіп жеткен.

Жолаушылардың бірі Канчана де Сильваның айтуынша, қалыпты ұшу бір сәтте алаңдатарлық жағдайға айналған. Ол ұшқыштар мен бортсеріктерінің кәсіби әрекеті мен сабырлылығының арқасында бортта дүрбелең туындамағанын айтып, экипажға алғыс білдірді. Сондай-ақ әуе компаниясының балама рейсті жедел ұйымдастырғанын атап өтті.

Оқиғаға ұшыраған әуе кемесі – 2004 жылы шығарылған Airbus A330-243 ұшағы. Ол екі Rolls-Royce Trent 772B-60 турбожелдеткіш қозғалтқышымен жабдықталған.

Мамандардың айтуынша, заманауи жолаушылар ұшақтары найзағайдың әсеріне төтеп бере алатындай етіп жобаланады. Көп жағдайда электр разряды ұшақтың сыртқы қаптамасы арқылы өтіп, ұшу қауіпсіздігіне елеулі әсер етпейді. Дегенмен мұндай оқиғалардан кейін әуе кемесі міндетті түрде толық техникалық тексерістен өткізіліп, жасырын зақымдардың жоқтығына көз жеткізілгеннен кейін ғана қайта пайдалануға беріледі.