Астанада толассыз жауған жаңбыр салдарынан бірқатар көшелерде су жиналып, қала әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Әкімдіктің мәліметінше, жауын-шашынның мол түсуіне байланысты елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қаланың нөсер кәріз жүйесі мен тазарту құрылыстары қалыпты режимде жұмыс істеп, жауын суын қабылдауда.
Алайда кейбір аумақтарда уақытша су жиналу жағдайлары тіркелген. Ведомствоның хабарлауынша, қысқа уақыт ішінде мол көлемде жауын жауған кезде нөсер кәріз жүйесі жиналған суды орта есеппен 40 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта толық қабылдайды.
Сондай-ақ коммуналдық қызметтер кәріз коллекторлары мен жаңбыр суын қабылдау құдықтарын тазалау, құбырларды бумен шаю, нөсер кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын күтіп ұстау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатқаны атап өтілді.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде толассыз жауған жаңбырдан кейін Астананың бірқатар көшесін су басқаны туралы бейнежазбалар тараған болатын.




