Қызылорда облысының делегациясы Қытаймен агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында маңызды келісімдерге қол жеткізді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов бастаған топ Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту жолдарын талқылады. Делегация құрамындағы жергілікті шаруашылық өкілдері Бэйянь округіндегі Қытайдың жетекші агрокомпанияларымен кездесті. Атап айтқанда, ғылым докторы Лу Нанмен сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.
Сапар барысында қазақстандық делегация «Jiarun Agriculture», «Gao’s Hetian Rice Industry» және «Baqi» сияқты күріш пен жүгері өндірісінде озық технологияларды қолданатын ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты.
Келіссөздердің маңызды бөлігі Хайнань провинциясындағы Инвестициялар паркінде өтті. Нәтижесінде Қызылорда облысының әкімдігі, Хайнань провинциясының Инвестициялар паркі және Хейлунцзян Хэхуэйдэ сауда компаниясы арасында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған үшжақты меморандум бекітілді. Құжат аясында агротехнологияларды дамыту, ресурстарды біріктіру және өндірістік парктерді бірлесіп салу көзделген.
Сонымен қатар, делегация мүшелері Дунфан қаласында «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында өткен халықаралық ауыл шаруашылығы конференциясына қатысты. Бұл жиын екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдетіп, бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа серпін беруді мақсат етеді.
Жасалған келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы агроөнеркәсіптік серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, Сыр өңіріне заманауи технологиялар мен инвестиция тартуға жол ашады.
Фото: Әлеуметтік желіден




