Todayinfo.kz
NewsView all articles

Такси мен курьерлерге: жаңа салық режимін таңдау мерзімі 28 ақпанда аяқталады

Салықты жеңілдетілген жолмен төлеу үшін такси, курьер мен басқа қызмет өкілдері 28 ақпанға дейін таңдау жасауы тиіс.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Такси мен курьерлерге: жаңа салық режимін таңдау мерзімі 28 ақпанда аяқталады

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Мемлекеттік кірістер комитеті бизнес өкілдеріне өтпелі кезең 28 ақпанға дейін жалғасатынын еске салды.

Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.

Енді елімізде үш арнайы салық режимі қолданылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін; жеңілдетілген декларация негізінде; шаруа немесе фермер қожалықтары үшін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған режимін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және жалдамалы қызметкерлері жоқ азаматтар қолдана алады. Оларға такси жүргізушілері, жеткізу қызметі, курьерлер, шаштараздар және тағы басқа 40-қа жуық қызмет түрі кіреді.

Жаңа салық режиміне қалай ауысуға болады?

2025 жылы патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер 28 ақпанға дейін есептен шығып, қажет болса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына өте алады.

Мемкірістер комитетінің хабарлауынша, мобильді қосымша арқылы чек берілген айда осы режим күшіне енеді.

Ал жеңілдетілген декларация негізіндегі режимге кез келген салық төлеуші ауыса алады. Ол үшін 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында арнайы ескерту жолдау қажет.

Ескерту бермесеңіз не болады?

Осы мерзімде хабарлама бермегендер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға ортақ салық салу тәртібіне автоматты түрде өткізіледі.

Бұл әсіресе микро және шағын кәсіп иелері үшін маңызды, себебі олар жеңілдіктерден айырылуы мүмкін. Егер сіз 2025 жылы жалпы режимде жұмыс істесеңіз, бірақ жаңа режимге өтуді қаласаңыз, талаптарға сай болсаңыз, 2026 жылдың қаңтарынан бастап жеңілдетілген режимге ауыса аласыз.

Related

Такси мен курьерлерге: жаңа салық режимін таңдау мерзімі 28 ақпанда аяқталады · Todayinfo