Алматы облысы Талғар ауданында үш оқушы суға батып қаза тапты. Қайғылы оқиға Жалқамыс ауылы маңында болған.
Ауыл әкімі Нұрбол Еріқұлының айтуынша, 9-сынып оқушылары ауылдан шамамен бес шақырым жердегі Саз Талғар бөгетіне шомылуға барған. Бұл су айдынында шомылуға тыйым салынғаны атап өтілді.
Қайғылы оқиға орнында жағалаудан мектеп оқушыларына тиесілі киім, телефон және велосипед табылған.
Хабар түскеннен кейін оқиға орнына құтқарушылар жетті. Екі жасөспірімнің денесі табылған. Үшінші баланы іздеу жұмыстары түннің түсуіне байланысты уақытша тоқтатылып, таңертең қайта жалғасады.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталуда. Құтқарушылар тұрғындарды жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түспеуге, сондай-ақ балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға шақырады.




