Журналист Арман Әубәкір елдегі жол құрылысы мен көлік инфрақұрылымындағы өзгерістер туралы пікір білдірді. Ол өз жазбасында соңғы жылдары өңірлерге жасаған сапарлары кезінде байқаған өзгерістерді бөліскен.
«Жолдың жайын жүрген білер демекші, бір айда 30 күн бар десек, соның 20 күнін жолда өткізетін болғасын, жолдың жағдайын әр сапар сайын көрем. Аймақтарды жиі аралаймын. Мысалы, былтыр Батыс Қазақстан облысына бірнеше мәрте ат басын бұрдым. Бұрын Орал қаласынан Сырым ауданының орталығы Жымпитыға дейін жол нашар еді. 3 сағаттай уақыт кететін. Бұл күні жол жөнделіп, бұл қашықтықты 1-1,5 сағатта басып өтуге болады. Осы сияқты бір кездері тарихи мекен Бөкей Ордасына жету қиямет-қайым еді. Батыс Қазақстан облысының ауыл-ауылдарын қанша араласам да, дәл осы Бөкей Ордасына жету қиынға соқты. Бұл күнде ол жаққа да тақтайдай тегіс жол төселді. Соның арқасында былтыр Бөкей Ордасын тамашалап қайту бақыты бұйырды», – дейді журналист.
Ол жазбасында Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарына жасаған сапарларын да мысалға келтірген. Сондай-ақ Көлік министрлігінің мәліметіне сүйене отырып, бірқатар республикалық маңызы бар жолдардың пайдалануға берілгенін атап өтеді.
«Биыл Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына жол түсті. Түп-түзу жолмен оп-оңай жетіп алдық. Бұрын бұл бағыт та жолсыз болған екен. Жеңіл көліктердің тауы шағылып, табаны тесіліп жолда жиі қалып отырған деседі. Енді, міне, Бозжыраға бүкіл әлемнің саяхатшылары ағылып келіп жатыр. Қазақтың сұлу табиғатын бүкіл әлемге танытуда тегіс жолдың орны айрықша екені айтпаса да түсінікті ғой. Жақында жеке көлігімізбен Қатон-Қарағай жаққа бардық. Астанадан Павлодарға, Павлодардан Семейге, Семейден Өскеменге жетіп, сол жерден Қатон-Қарағайға саяхаттадық. Жол сапасы көңілден шықты. Жылдан жылға жақсарып келеді. Кей жерлерде әлі де жол құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тіпті Астанадан Павлодарға дейін күрежолмен зырылдап отырдық», – дейді ол.
Көлік министрлігінің мәліметі бойынша, 7 мың шақырым жолдың, атап айтқанда Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахан күре жолдарының жұмысы аяқталған. Сонымен қатар Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір салынған, Шақпақ баба асуы арқылы тоннельдің, Қызылорда – Жезқазған және Жезқазған – Қарағанды бағыттарындағы жолдардың құрылысы алдағы жылдары аяқталады.
Журналист теміржол саласындағы жобаларға да тоқталды. Оның жазуынша, Қазақстанда жалпы ұзындығы 1100 шақырым болатын «Достық – Мойынты», «Алматы айналма темір жолы», «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр.
Ол Қатон-Қарағайда әуежай құрылысы қызу жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Ең кереметі, Қатон-Қарағай жақта әуежай салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқанына куә болдық. Бұл әуежай аяқталса, шығыстағы туризм деңгейі мүлде жаңа сатыға көшпекші. Өйткені, мынандай табиғаттың сұлулығын елдің бәрі де көргісі келетіні, әлгіндей жерде таза ауамен тыныстап серуендегісі келетіні сөзсіз. Бірақ ұзақ жол жеткізбейді. Ал әуежай құрылысы аяқталса, бір-екі сағатта тамылжыған табиғаттың қақ ортасына топ етіп түсе қаласыз. Халыққа, бизнес өкілдеріне де керегі осы емес пе?!» – деп жазды Арман Әубәкір.




