Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия президенті мен Таиландтың премьер-министріне көңіл айту жеделхаттарын жолдады, деп хабарлайды Todayinfo порталы Ақордаға сілтеме жасап.
The Guardian дерегіне сүйенсек, Индонезия, Таиланд және Малайзияда болған су тасқындары мен көшкіндер салдарынан 350-ден астам адам қаза тапты. Ең көп адам шығыны Индонезияда тіркелген – 200-ден аса адам. Таиланд билігі 162 адамның қаза болғанын растады. Малайзияда табиғи апат екі адамның өмірін қиды. Басылымның мәліметінше, бұл – соңғы жылдары аймақтағы муссон желі салдарынан болған ең жойқын апаттардың бірі.«Қасым-Жомарт Тоқаев аталған елдердің аумағында болған су тасқыны салдарынан көптеген адамның қайтыс болуына байланысты Индонезия президенті Прабово Субиантоға және Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракулға көңіл айтты», - деп жазылған хабарламада.




