Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріндегі азаматтарды эвакуациялаудың толық аяқталғанын хабарлады. Соңғы екі аптаның ішінде шиеленіс аймағынан 10 275 қазақстандық Отанына оралды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, азаматтарды елге жеткізу күрделі логистикалық бағыттар арқылы ұйымдастырылған. Қазақстандықтардың негізгі бөлігі Оман, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы арқылы тасымалданған. Ал Ирандағы азаматтарды Армения мен Түрікменстан арқылы шығаруға тура келген.
Сыртқы істер министрлігі бұл ірі операцияның сәтті өтуіне атсалысқан тараптарға алғысын білдірді.
"Қазақстандықтардың Отанына аман-есен оралуына жәрдемдескені үшін шет мемлекеттердің тиісті органдарына ризашылық білдіреміз", - делінген СІМ хабарламасында.
Фото: Әлеуметтік желіден




