Белгілі журналист Серғали Балажан Спорт министрлігінің әрекетін сынға алып, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Журналистің айтуынша, Шайдоров Олимпиада алтынын жеңіп алған кезде министрлік өкілдері ерекше қуанып, оны өздері тәрбиелеген спортшыдай әсер қалдырған.

«Шайдоров кеше Олимпиада алтынын алғанда спорт министрінен бастап сол жақта жүрген шенділердің бәрі жүрегі жарылардай қуанды. Құдды Шайдоровты өздері жаттықтырғандай әсер қалдырды», — деді ол.

Сондай-ақ ол кей шенеуніктердің қуанышын қызметімен байланыстырып та болжады.

«Бәлкім, кресломыз сақталатын болды деп қуанған шығар, мүмкін расымен де патриоттық сезімдері оянған болар, білмеймін, әйтеуір қатты қуанды», — деп жазды журналист.

Алайда, оның айтуынша, арада бірнеше ай өткен соң Михаил Шайдоров өзіне тиесілі қаражатты ала алмай жүргенін айтып сұхбат берген. Осыдан кейін министрлік тарапынан спортшының өзіне кінә артылғандай жауаптар тарай бастаған.

«Спорт министрлігі артынша “кінәнің бәрі өзінен, біз сүттен ақпыз” деген сарында жауап қатты», — деді Серғали Балажан.

Журналист спорт министрлігі Олимпиада чемпиондарымен тікелей байланыста болуы тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай деңгейдегі спортшылардың мәселесін бақылауда ұстау — министрліктің міндеті.

«Сен енді спорт министрі ретінде Олимпиада алтынын алған әр спортшымен тікелей байланыста болуың керек қой. Ең болмаса айына бір рет хабарласып, жағдайын біліп, проблемасы болса тыңдап отыру қажет», — деді ол.

Серғали Балажан Қазақстанда мұндай деңгейдегі чемпиондардың саны көп емес екенін де еске салды.

«Өздері екеу-ақ: Елдос Сметов пен Миша Шайдоров. Ертең келесі жарыстарда тағы да креслоңды сақтайтын солар емес пе?!», — деп пікір білдірді журналист.

Сонымен қатар ол әлеуметтік желілер мен медиада Шайдоровты айыптаған бірдей сарындағы жазбалардың көбейгеніне назар аударды.

«Ал біздің министрлік не істейді? Блогерлер мен журналистерді жалдап, Шайдоровтың өзін айыптайды. Текстің мәтіні бірдей», — деді ол.

Журналистің айтуынша, мұндай жағдайда министрлік спортшымен ашық сөйлесіп, мәселені бейбіт түрде шешуге тырысуы керек еді.

«Ең болмаса осы сұхбаттан кейін Мишамен сөйлесіп, мәселесінің шешілетінін айтып, құшақтасып фотоға түсіп: “Проблеманы шештік” деп жазып қойса сүйкімді болмас па еді?» — деп түйіндеді ол.