Саясаткер Әміржан Қосанов Конституция талқысының ұлттық арналардан көрсетілмегенін сынады. Ол биліктің маңызды жиын орнына сериалдар көрсетуін сұрақ астына алды.
Белгілі саясаткер Әміржан Қосанов Конституциялық комиссия отырысының ұлттық телеарналардан тікелей эфирде көрсетілмегеніне наразылық білдірді. Ол мұндай тарихи сәттің орнына теледидардан сериалдардың берілуін "түсініксіз жағдай" деп атады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Саясаткер бұл пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, еліміздің Негізгі заңы талқыланып жатқан сәт – әрбір азамат үшін аса маңызды тарихи оқиға. Ол ұсынылған кейбір өзгерістерді қолдайтынын, алайда біразына көңілі толмайтынын да атап өткен.
"Бір сұрақ: осындай мемлекеттік маңызы бар мәселені талқылау неліктен ұлттық телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілмейді? Телевизорды қоссам, екі басты телеарнада сериалдар жүріп жатыр", - деп жазды Қосанов.
Ол биліктің отырысты тек Telegram арналары арқылы таратуын жеткіліксіз деп санайды. Саясаткер Қазақстанның 20 миллион тұрғынының барлығы әлеуметтік желіні қолданбайтынын еске салды.
"Қорқатын несі бар? Ол комиссияда балама пікір айтатын ешкім де жоқ емес пе? Балама болса, оны дауысқа салып, бәрібір биліктің ұсыныстары қабылданбай ма? Түсініксіз..." - деп сөзін түйіндеді саясаткер.
Фото: Әлеуметтік желіден