Ақмола облысының дүкендерінде өрескел заңсыздық анықталды. Кейбір сауда нүктелерінде тауар бағасы Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгемен емес, ресейлік рубльмен көрсетілген. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі ресми түрде мәлімдеді.
Оқиға Шортанды ауданында тіркелді. Тексеріс барысында дүкен сөрелеріндегі баға белгілерінің шетел валютасында жазылғаны белгілі болды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, ел аумағындағы барлық есеп айырысулар мен баға көрсеткіштері тек қана теңгемен жүргізілуі тиіс. Заңды белден басқан кәсіпкерге әкімшілік айыппұл салынды.
Қымбатшылықтың «құпиясы» ашылды
Бұл өңірдегі жалғыз заң бұзушылық емес. Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азық-түлік базарлары мен дүкендерге рейд жүргізді. Нәтижесінде, әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз жоғары үстемеақы қосқандар анықталды.
Мысалы, жеке кәсіпкер Юлдашев сәбізді заңмен рұқсат етілген мөлшерден әлдеқайда көп – 33,3% үстемемен сатқан.
Басқа да деректер тіркелді:
-
«Хуторок» дүкенінде қарақұмық жармасына 27% қосылған;
-
«Продукты» дүкенінде қырыққабатқа тіпті 72,7% үстеме қойылған;
-
Тағы бір кәсіпкер пиязды 60% қымбаттатып сатқан.
Барлық заң бұзушылар Әкімшілік кодекстің 204-бабы бойынша жауапқа тартылып, тиісті айыппұлдарын алды.
Миллиондаған айыппұлдар
Департамент басшысы Ерлан Әубәкіровтің айтуынша, мамандар шығу тегі күмәнді өнімдерге де бақылау сатып алуын жүргізген. 21 тексерістің 17-сінде тауар таңбалау ережелері бұзылғаны анықталды.
Жалпы, 2025 жылдың басынан бері Ақмола облысында 216 кәсіпкер жауапқа тартылған. Олардың жартысына жуығына ескерту жасалса, 117 кәсіпкерге жалпы сомасы 2,2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Негізгі заң бұзушылықтар: бағаны негізсіз өсіру, шетел валютасын қолдану, тұтынушы бұрышының болмауы және шағымдарға уақытылы жауап бермеу.
Айта кетейік, бұған дейін Петропавл тұрғыны да қаладағы супермаркеттердің бірінде бағаның рубльмен жазылғанына шағымданған болатын. Тексеріс кезінде бұл ақпарат расталды.




