Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны TikTok желісінде Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтірген пікірі үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Сот құжаттарына сәйкес, 40 жастағы әйел Петропавл қаласының атауын талқылаған видеоның астына сепаратистік мазмұнда пікір қалдырған. Бұл жазбасы Қазақстанның аумақтық тұтастығын жоққа шығару деп танылды. Пікір желіде тез тарап, мыңдаған реакция жинаған.
Кейін желі қолданушыларының бірі e-Otinish қызметі арқылы құқық қорғау органдарына шағымданып, пікір авторын тексеруді сұраған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экстремизмге қарсы күрес бөлімшесі аккаунт иесінің кім екенін анықтады. Пікір жазылған телефон тәркіленіп, аккаунттың сол әйелге тиесілі екені дәлелденді.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындамады. Ол өз уәжін былай деп түсіндірді:
Пікірді жазғаным рас, бірақ оны «тарихи дерек» деп ойладым. Бұл ақпаратты маған әжем айтқан еді. Ойымды толық жеткізе алмадым, себебі TikTok алгоритмі мәтінді қысқартып жіберді.
Сондай-ақ, ол сепаратизм үшін қылмыстық жауапкершілік барын білмегенін айтты. Алайда сот тағайындаған психологиялық-лингвистикалық сараптама бұл уәжді жоққа шығарды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, пікірде Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға үндейтін ашық насихат белгілері бар.
Тергеу барысында басқа қолданушылардың оған Қылмыстық кодекстің бабын көрсетіп, ескерту жасағаны белгілі болды. Бірақ ол жауап ретінде былай деген:
Ешкімнен де, ештеңеден де қорықпаймын.
Жиналған дәлелдерді (скриншоттар, куәгерлер жауабы, сараптама қорытындысы) ескеріп, сот әйелдің бұл әрекетке саналы түрде барғанына көз жеткізді. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сотталушы сот залында қамауға алынды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.




