Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурызбен құттықтап, «Таза Қазақстан» бастамасы саяси науқан емес, ұлттық идеология екенін мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік науқан емес, мемлекеттің мызғымас идеологиясы болуы керегін атап өтті, деп хабарлайды
Todayinfo ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы өзінің құттықтау сөзінде Наурыз мейрамының тазару мен жаңару уақыты екенін еске салды. Оның айтуынша, тазалық ұғымы тек қоршаған ортаға ғана емес, ең алдымен, адамның ойы мен ниетіне қатысты.
Президент осыдан екі жыл бұрын басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының халық, әсіресе жастар арасында кеңінен қолдау тапқанын жеткізді. Ол ұқыптылық, жинақылық пен тиянақтылық қасиеттері ұлттың жаңа сапасына айнала бастағанын атап өтті.
"Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Президент барша қазақстандықтарға ізгі тілегін арнады.
"Ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін! Туымыз биікте желбіресін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!", - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Фото: Әлеуметтік желіден