Президент Тоқаев халықты Рамазан айымен құттықтап, оның жаңа Конституция қабылданатын тарихи кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, бұл кезеңнің елдегі ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келгенін атап өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Президент өз құттықтауында Оразаның рухани құндылықтарына тоқталып, оның адам бойына асыл қасиеттерді сіңіретінін жеткізді.
"Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл. Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді", - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті айдың Қазақстан үшін тарихи кезеңде басталғанына назар аударды. Оның айтуынша, республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын негізгі құжат.
"Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістердің, түбегейлі жаңғырудың тарихи кезеңіне қадам басты... Бас құжат мыңдаған жыл тарихы бар мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздегі саяси, азаматтық, экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға жол ашады", - деп атап өтті Президент.
Тоқаевтың сөзінше, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға бағытталған заң үстемдігі, тәртіп пен әділдік сияқты қағидаттар Рамазан айының ұлағатымен толық үндеседі.
Фото: Әлеуметтік желіден