АҚШ президенті Дональд Трамп Давос форумында Еуропа, Украинадағы соғыс және Гренландияны иемдену жоспарына қатысты бірнеше атышулы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Трамптың айтуынша, Америка әлемдік экономиканың қозғалтқышы болып қала береді.
"Америка көтерілгенде, бүкіл әлем де көтеріледі. Бізде бірдеңе дұрыс емес болса, бәрінде жағдай қиын", - деді ол.
Сонымен қатар ол Еуропаның қазіргі бағытын қатаң сынға алды.
"Мен Еуропаны жақсы көремін және оның гүлденгенін қалаймын, бірақ ол қазір теріс бағытта кетіп бара жатыр. Еуропа соңғы 10 жылда ұстанып келе жатқан мәдени құндылықтардан бас тартуы керек. Бұл сұмдық. Олар өздерін өздері құртып жатыр", - деді АҚШ президенті.
Сондай-ақ Дональд Трамп Гренландияны АҚШ-қа беру туралы келіссөздерді шұғыл бастауға шақырды.
"Мен Гренландияны алу бойынша шұғыл келіссөздерге шақырамын. Біз өз тарихымызда көптеген жерлерге солай қол жеткіздік. Мұның еш айыбы жоқ. Біз сол бір түйір мұзды жерді алғымыз келеді. Ал олардың бергісі жоқ", - деп атап өтті ол.
Трамп бұл талабын тарихи оқиғалармен негіздеуге тырысты.
"Еуропада бірде-бір мемлекет Гренландияны қорғай алмайды. Біздің құдіретімізге Екінші дүниежүзілік соғыста әлемнің көзі жеткен. Ол кезде Дания өзін де, Гренландияны да қорғай алмай, Германияға 6 сағат қана қарсылық көрсетіп, ақыры құлаған. Сол кезде АҚШ-қа араласуға тура келді", - деді Трамп.
Ол АҚШ-тың жерді жалдап қорғауға ниеті жоқ екенін ашық айтты.
"Біз Гренландияның меншік құқын алғымыз келеді. Жалға берілген жерді қорғамаймыз. Кім жалға алған нәрсесін қорғағысы келеді? Бұл құқықтық жағынан да, басқа жағынан да қате", - деп түсіндірді ол.
Трамп өз сөзінде Батыс жарты шарын толығымен АҚШ-тың ықпал ету аймағы деп жариялады.
"Батыс жарты ғаламшары – бұл біздің жеріміз. Ал еш қорғаусыз жатқан Гренландия – Солтүстік Американың бөлшегі. Ол да біздің жеріміз", - деді ол.
Осыдан кейін ол Екінші дүниежүзілік соғыстағы АҚШ-тың рөліне тоқталып, даулы пікір білдірді.
"Екінші дүниежүзілік соғыс туралы айтар болса, біз болмасақ қазір бәрі немісше немесе жапонша сөйлесіп жүрер еді", - деді АҚШ президенті.
Дональд Трамп Украинадағы соғысқа қатысты да ойын айтты.
"Біз Украинадан мыңдаған шақырым қашықта жатырмыз. Егер 2020 жылы сайлау бұрмаланбағанда, Украинадағы бұл соғыс мүлде болмас та еді", - деді ол.
Ол Ресей және Украина президенттерімен байланыста екенін және олардың келісімге келуге дайын екеніне сенімді екенін жеткізді.
"Мен президент Путинмен байланыстамын. Ол келісім жасасқысы келеді. Сол секілді президент Зеленскиймен де байланыстамын. Ол да келісім жасасқысы келеді", - деп мәлімдеді Трамп.
Фото: Әлеуметтік желіден




