Todayinfo.kz
NewsView all articles

Түркістан 1 трлн теңге салық жинады: Енді «сән-салтанат салығы» енгізіледі

Түркістан облысы бюджетке рекордтық 1 трлн теңге салық жинады. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, елде қымбат көліктер мен үйлерге арналған «сән-салтанат салығы» енгізіледі.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Түркістан 1 трлн теңге салық жинады: Енді «сән-салтанат салығы» енгізіледі

Түркістан облысының қазынасына өткен жылы 1 триллион теңге салық түсіп, бекітілген жоспар 101,2% орындалды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 234 миллиард теңгеге артық, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тұрысовтың айтуынша, қосымша кіріс көздерін анықтау арқылы бюджетке 12 млрд теңгеге жуық қаржы өндірілген. Оның 5,7 млрд теңгесі камералық бақылау, 3,5 млрд теңгесі жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру, ал 2,6 млрд теңгесі кедендік және қосылған құн салығын (ҚҚС) әкімшілендіру есебінен түскен.

Сонымен қатар, өңірде көлеңкелі экономикамен күрес күшейтілген. Нәтижесінде заңсыз есірткі тасымалының 32 дерегі, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 271 дерегі анықталды. Сот шешімімен 16,1 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 25,6 тонна бензин мен 37,2 тонна дизель отыны тәркіленген. Сондай-ақ, елден 115 мың АҚШ долларын заңсыз алып өтпек болған 5 әрекеттің жолы кесілді.

«Рейдтік тексерулер нәтижесінде 640 салықтық құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 375 кәсіпкер бақылау-касса машинасын қолданбаса, 143-і жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жұмыс істеген. Заңсыздыққа жол бергендердің барлығы жауапкершілікке тартылды», - деді Ерлан Тұрысов.

Брифингте Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекова 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің ерекшеліктеріне тоқталды.

«Жаңа кодекс салық жүйесін реформалаудағы маңызды кезең. Негізгі өзгерістердің бірі – «сән-салтанат салығының» енгізілуі. Сондай-ақ, сараланған салық мөлшерлемелері бекітіліп, ҚҚС реформаланды және арнаулы салық режимдері өзгерді. Салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқартылды», - деді Сәуле Шырынбекова.

Жаңа кодекске сәйкес, құны 18 000 АЕК-тен (шамамен 66,6 млн теңге) асатын көліктер мен 24 000 АЕК-тен (шамамен 88,8 млн теңге) асатын яхталар мен ұшақтар үшін құнының 10% мөлшерінде салық төленеді. Ал бағасы 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке 2,9 млн теңге салық салынады. Сонымен қатар, ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға дейін өседі, ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін 5% болып қалады. Шағын және орта бизнес үшін жоспарлы тексерулер тоқтатылып, тәуекелдерді басқару жүйесі бұзушылықтың алдын алуға бағытталады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related

Түркістан 1 трлн теңге салық жинады: Енді «сән-салтанат салығы» енгізіледі · Todayinfo