Түркістан қаласындағы "Керуен сарай" кешенінің жанындағы тұрғын үйдің қасбетіне Конституциялық реформаны қолдауға арналған жаңа мурал салынды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл бастаманы жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асырған. Жаңа мурал еліміздегі саяси жаңғыруды, әділетті қоғам құру идеясын және заң үстемдігін заманауи өнер тілімен бейнелейді. Ол халықтың еркі мен бірлігінің маңызын көрсететін көркем туындыға айналды.
Муралдың ашылу салтанатында жастар флешмоб ұйымдастырып, реформаны қолдайтын ұрандар айтты. Іс-шара соңында олар аспанға референдум тақырыбындағы әуе шарларын ұшырып, елдің жарқын болашағына деген сенімдерін білдірді.
Бұл жоба тек мемлекеттік қолдаумен емес, азаматтық қоғам мен кәсіпкерлердің белсенділігі арқасында іске асты. Әлеуметтік жауапкершіліктің осындай үлгісі қоғам тарапынан жоғары бағаланды.
Бүгінде Конституциялық мурал қаланың көркін ашып, туристер мен жастар жиі суретке түсетін танымал орынға айналып үлгерді. Бұл – өнер арқылы қоғамдық құндылықтарды насихаттаудың тиімді жолы екенін көрсетеді.
Фото: Әлеуметтік желіден




