Қазақстанның алты өңірінде қар көшкіні қаупі сақталып тұр, Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға тауға шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Алматы қаласының таулы аймақтарында қардың өздігінен көшу ықтималдығы өте жоғары. Осыған байланысты мамандар қар басқан тік беткейлерге шығудан бас тартуға шақырады.
Қар көшкіні жағдайын бақылау үшін ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары қауіпті аумақтарға үнемі мониторинг жүргізіп, тексеру жұмыстарын атқарып жатыр. Қар көшкіні жүруі мүмкін аудандарға 110 ескерту белгісі орнатылған.
"Ауа райының құбылмалы болуына және қардың қалың түсуіне байланысты жекелеген қауіпті аймақтарда қардың өздігінен көшу қаупі сақталады. Қар көшкіні қаупі басталған кезеңнен бері Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында жалпы көлемі 175 600 текше метрді құрайтын 66 қар көшкіні өздігінен жүрді. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы көлемі 113 246 текше метр қарды құрайтын 99 алдын алу шарасы ұйымдастырылды", - делінген министрлік хабарламасында.
Төтенше жағдайлар министрлігі қар көшкіні қаупі туралы ескерту жарияланған кезде таулы аймақтарға барудан бас тарту қажет екенін еске салады.
Фото: Әлеуметтік желіден




