Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлының айналасындағы дау басылар емес. Эрисланди Ларамен өтуі тиіс тарихи жекпе-жектің күтпеген жерден тоқтатылуы спорт әлемін дүр сілкіндірді. Осы оқиғадан кейін "Qazaq Style" үнсіз қалмай, жанкүйерлеріне жүрекжарды жазбасын арнады.
Естеріңізде болса, 6 желтоқсан күні Лас-Вегаста жоспарланған жекпе-жек қарсаңында жерлесіміз допинг-тесттен өте алмай қалған болатын. Бұл жағдай шетелдік басылымдарда қызу талқыға түсті.
"Менде жаман жанкүйер болған емес"
32 жастағы чемпион Instagram парақшасында эмоцияға толы жазба жариялап, ең алдымен қиын сәтте қолдау білдірген отандастарына алғыс айтты. Оның сөзінше, нағыз жанкүйер тек жеңісті күндері емес, басыңа іс түскенде де жаныңнан табылуы керек.
"Мені қолдап жатқан спорттағы бауырларыма және жанкүйерлеріме ерекше алғыс айтамын! Шетелдіктер шулап, сүрінгенімді күтіп қуанып жатқанда, менің қазағым оларға қосылмай, арандатуға ермей, маған сенім білдіріп жатыр. Міне, мұны нағыз қолдау деп айтады", – деп жазды боксшы.
Жәнібек өз карьерасында "жаман жанкүйер" жинамағанын мақтанышпен атап өтті.
"Мен қазаққа жаны ашитын, қазақты қолдайтын жандарды жинадым! Менің жанкүйерлерім – тек Көк ту желбірегенде ғана емес, қиын сәтте де жанымнан табылатын адамдар. Мұның құнын түсінетін спортшы үшін бұл – үлкен бақыт", – деді ол.
Мельдоний дауы: Не болды?
Айта кетейік, көпшілік бұл жекпе-жекті Жәнібектің карьерасындағы ең маңызды айқас деп бағалаған еді. Алайда, WBA чемпионы Эрисланди Ларамен біріктірілген жекпе-жек алдындағы тексеріс кезінде қазақстандық боксшының ағзасынан "мельдоний" табылған.
Бұл препаратқа Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) 2016 жылдан бері тыйым салған. Осы себепті ұйымдастырушылар жекпе-жекті кардтан алып тастауға мәжбүр болды.
Қазіргі таңда боксшының командасы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал жанкүйерлер Жәнібектің ақталып шығарына сенімді.




