Сарысу ауданында «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауытының іске қосылу рәсімі өтті. Өңірдің өндірістік картасындағы маңызды оқиғалардың бірі болған бұл шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қатысып, кәсіпорынның ел экономикасы мен аймақтық индустрияны дамытудағы рөліне тоқталды.
Жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы жаңа өндіріс орны – халықаралық химия саласында жұмыс істейтін «ЕвроХим» компаниясының Қазақстандағы ірі инвестициялық жобаларының бірі. Бұл жоба тек жеке зауыт құрылысы ғана емес, толыққанды заманауи химия кешенін қалыптастыруға бағытталған ауқымды индустриялық бастаманың бір бөлігі саналады. Жалпы инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларына дейін жетеді.
Салтанатты рәсім барысында өңір басшысы Ербол Қарашөкеев өңдеуші өнеркәсіптің ел экономикасындағы стратегиялық маңызына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан үшін тек шикізат өндіру емес, жоғары қосылған құн қалыптастыратын өндірістерді дамыту басты басымдыққа айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Сарысу ауданында іске қосылған жаңа зауыт – өңірдің индустриялық әлеуетін күшейтетін нақты нәтиженің көрінісі.
Әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің өнеркәсіптік негізін нығайту және экономикалық дербестікті арттыру жөніндегі тапсырмалары да дәл осы бағыттағы жобалардың маңызын арттыратынын атап өтті. Жаңа өндірістің іске қосылуы – тек инвестиция тартудың нәтижесі ғана емес, сонымен қатар заманауи технологиялардың өңірге келуінің және жаңа өндірістік мәдениеттің қалыптасуының белгісі екенін жеткізді.
Жамбыл облысы соңғы жылдары инвестиция тарту қарқыны бойынша оң динамика көрсетіп келеді. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 277,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,3 пайызға артқан. Бүгінде өңірде жалпы құны 5,6 трлн теңгеден асатын 116 инвестициялық жобадан тұратын ірі пул қалыптасқан.
Биылдың өзінде жалпы құны 471 млрд теңге болатын 47 жобаны жүзеге асыру және мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда сол жоспардың бір бөлігі іске асып, жалпы құны 144,3 млрд теңгені құрайтын 5 жоба өндірістік айналымға енгізілді. Нәтижесінде 485 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өңір басшылығы химия өнеркәсібін Жамбыл облысының негізгі драйвер салаларының бірі ретінде қарастырады. Бұған аймақтағы табиғи ресурстық база да негіз болып отыр: республикадағы фосфорит қорының шамамен 72 пайызы дәл осы өңірде шоғырланған. Сондықтан химия саласын дамыту тек экономикалық емес, стратегиялық маңызға да ие.
Қазіргі таңда облыста химия өнеркәсібі бағытында 44 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қызметі фосфорлы шикізатты өндіру мен өңдеуден бастап, минералды тыңайтқыштар мен түрлі химиялық өнімдер шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. 2026 жылдың алғашқы төрт айында химия саласындағы өндіріс көлемі 150,6 млрд теңгені құрап, 16,5 пайыздық өсім көрсеткен.
«ЕвроХим-Қаратау» компаниясының жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алғашқы кезең 2016 жылы басталып, фосфорит шикізатын өндіру және байытуға бағытталған тау-кен кешені пайдалануға берілген болатын. Бұл кезеңге салынған инвестиция көлемі 126 млн АҚШ долларын құрады және ол өндірістік инфрақұрылымның негізін қалады.
2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында кәсіпорын 344,9 мың тонна өнім өндіріп, оның жалпы құны 8 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш компанияның өндірістік қуатының тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі уақытта жобаның екінші кезеңі қарқынды жүзеге асуда. Оның аясында минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер шығаратын толыққанды химия кешені салынуда. Биыл мамыр айында осы кешеннің алғашқы нысаны – күкірт қышқылын өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Ал негізгі өндірістік желілерді іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр.
Жоба толық қуатына шыққанда кәсіпорын жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік алады. Бұл Қазақстанның ішкі нарығын қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға жол ашады.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай заманауи технологиялардың қолданылуы. Өндіріс барысында жанама өнім ретінде кальций хлориді мен синтетикалық гипс алынбақ. Бұл материалдар құрылыс индустриясы мен басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылып, қосымша экономикалық тиімділік береді.
Сонымен қатар, жоба аясында жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Құрылыс кезеңінде 2 мыңға дейін адам уақытша жұмыспен қамтылса, толық іске қосылғаннан кейін кемінде 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда «ЕвроХим» кәсіпорындарында 1000-нан астам адам еңбек етсе, сервистік және аутсорсингтік компанияларда тағы 300-ге жуық маман жұмыс істеп жүр.
Осылайша, Сарысу ауданында іске қосылған жаңа күкірт қышқылы зауыты Жамбыл облысының өнеркәсіптік дамуына серпін беретін маңызды жобаға айналып отыр. Бұл тек өндірістік қуатты арттыру ғана емес, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, жаңа технологиялар мен жұмыс орындарының көбеюіне жол ашатын стратегиялық қадам ретінде бағаланып отыр.




