Қазақстандықтар үшін маңызды жаңалық: келесі жылдан бастап жеке құжаттарды рәсімдеу құны айтарлықтай қымбаттайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке қол қойды. Бұл құжатта елдегі ең негізгі есептік көрсеткіштің (АЕК) жаңа мөлшері бекітілді. Бұл туралы Todayinfo порталы хабарлайды.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 АЕК (Айлық есептік көрсеткіш) 4 325 теңгені құрайтын болады. Салыстырмалы түрде айтсақ, биыл бұл көрсеткіш 3 932 теңге деңгейінде. АЕК-тің өсуі автоматты түрде барлық мемлекеттік баж салығының көтерілуіне әкеп соғады.
Егер төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін ауыстыру жоспарыңызда болса, жаңа бағаларды қазірден біліп жүргеніңіз абзал.
Жаңа жылдан бастап баға қалай өзгереді?
Мемлекеттік баж салығының жаңа тарифтері төмендегідей болады:
-
Балалар паспорты (16 жасқа дейін, 24 беттік) – 17 300 теңге (4 АЕК).
-
Стандартты паспорт (36 беттік) – 34 600 теңге (8 АЕК).
-
Қалың паспорт (жиі саяхаттайтындар үшін, 48 беттік) – 51 900 теңге (12 АЕК).
-
Жеке куәлік – 865 теңге (0,2 АЕК).
Ескерту: Егер азамат бір жыл ішінде жеке куәлігін екі реттен көп жоғалтса, айыппұл ретінде 1 АЕК, яғни 4 325 теңге төлеуге міндеттеледі.
Көлік жүргізушілеріне де дайын болу керек. Жүргізуші куәлігін (права) алу немесе ауыстыру құны 5 406 теңгеге (1,25 АЕК) дейін өседі.
Отбасылық жағдайға қатысты құжаттардың да бағасы өзгереді. Неке қию куәлігін алу үшін жас жұбайлар 4 325 теңге төлейді. Ал егер отбасы ажырасуға шешім қабылдаса, мемлекеттік баж екі есе қымбатқа түседі – 8 650 теңге (2 АЕК).
Қуанышты жаңалық – туу туралы куәлік бұрынғыша тегін беріледі. Алайда, егер оны жоғалтып алып, қайта жасататын болсаңыз, 2 163 теңге (0,5 АЕК) төлеу қажет болады.
Кімдер мемлекеттік баждан босатылады?
Заң бойынша кейбір санаттағы азаматтар құжат жасату үшін ақша төлемейді. Жеңілдік мына топтарға қарастырылған:
-
Кеңес Одағының Батырлары мен "Халық қаһарманы" атағы барлар;
-
"Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері болған көпбалалы аналар;
-
Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендер;
-
Мүгедектігі бар жандар және мүгедек бала асырап отырған ата-аналар;
-
Мемлекет қарауындағы қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері;
-
Чернобыль апатынан зардап шеккендер.




