Қазақстандықтарды жаңа жыл қарсаңында жағымсыз жаңалық күтіп тұр. Еліміздегі бірнеше ірі ұялы байланыс операторы қызмет ақысын қайта қарастыратынын ресми түрде хабарлады. Бұл жолы тариф құны қаншаға өседі және қарапайым халықтың қалтасына қаншалықты салмақ түседі? Бұл туралы Todayinfo порталы хабарлайды.
Tengrinews.kz тілшісі нарықтағы жағдайды зерттеп, нақты сандарды анықтады. Өкінішке қарай, бағаның өсуі – болжам емес, нақты жоспар.
Beeline: Қаңтардан бастап жаңа баға
Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадин компанияның 2026 жылдың қаңтарынан бастап тарифтерді өзгертуді жоспарлап отырғанын растады.
Компания өкілінің сөзінше, қымбаттау барлық тарифке емес, тек нарықтағы орташа бағадан төмен тарифтерге қатысты болады. Бағаның өсуі шамамен 15–20 пайызды құрайды. Абоненттерге бұл туралы 30 күн бұрын хабарлама жіберілмек.
Егер қарапайым тілмен есептесек, өзгеріс былай болуы мүмкін:
-
Қазіргі танымал «Мега» тарифі (5 999 теңге) қымбаттаған соң 6 899 – 7 199 теңгеге дейін жетуі ықтимал.
-
Ал 7 999 теңгелік қымбат тарифтер 9 500 теңгеден асып түсуі ғажап емес.
Tele2 және Altel: Өзгеріс желтоқсаннан басталады
«Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2/Altel) басшылығы да үнсіз қалмады. Басқарма төрағасы Александр Бабичевтің айтуынша, абоненттік төлем 2025 жылдың 25 желтоқсанынан бастап өзгереді.
Мұнда да өсім шамамен 15–20 пайыз төңірегінде болмақ. Компания мұны интернетке деген сұраныстың артуымен және инфрақұрылымның оған ілесе алмай жатқанымен түсіндіреді.
Болжамды есептеулер:
-
Pro тарифі: Қазіргі 4 632 теңгеден 5 558 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
-
Max тарифі: 5 992 теңгеден 7 190 теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.
-
Unlim тарифі: Ең қымбат тариф 9 192 теңгеден 11 000 теңгеден асуы мүмкін.
Ал Kcell әзірге нақты шешім қабылдамағандарын жеткізді. Олар салықтық өзгерістерді зерттеп жатыр, бірақ қажет болған жағдайда клиенттерге алдын ала ескертетінін айтты.
Қымбатшылықтың басты себебі неде?
Операторлар бағаны көтеруге мәжбүрлейтін бірнеше факторды алға тартады. Олардың уәжі қаншалықты орынды?
Біріншіден, электр энергиясының қымбаттауы. Былтыр компаниялар жарық үшін қосымша 6,5 миллиард теңге жұмсаған.
Екіншіден, салық жүктемесі мен валюта бағамы. ҚҚС (НДС) мөлшерлемесінің өсуі мен доллардың құбылуы шығындарды шамамен 3,7 миллиард теңгеге арттырған.
Үшіншіден, интернет трафигінің «жарылуы». Соңғы 9 жылда қазақстандықтар интернетті 36 есе көп қолдана бастаған. Желінің сапасын ұстап тұру үшін жаңа базалық станциялар мен дата-орталықтар салу қажет, ал бұл – қыруар қаржы.
Сарапшылардың пікірінше, 2026 жылы байланыс нарығындағы бағаның 15-20%-ға өсуі – қалыпты экономикалық құбылысқа айналуы мүмкін.




