Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі куәлік берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Атырау облысының Жангелдин ауылында болған жантүршігерлік жаппай кісі өлтіру ісі бойынша сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі Самиғұлла Сәрсемәлиев жауап берді. Әкесінің сот залында сөйлегенін көрген Сұлтан көзіне жас алып, толқығанын адвокаты түсіндірді.
Самиғұлла Сәрсемәлиев сотта марқұмдарды жақсы танығанын айтты. Оның сөзінше, Мақсот Қарабалин оның құдасы болған, ал Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина құдаларының балалары. Ол екі отбасының арасында ешқандай араздық болмағанын және ұлымен де елеулі келіспеушілік болмағанын жеткізді.
Әкесінің айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін екі отбасы араласып-құраласып тұрған.
Бір-біріне қонаққа барып, қарым-қатынасты үзбеген. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың бірге тұрғанын, олардың арасында көзге түсерлік жанжалдарды байқамағанын айтты.
"Қаңтар айында Сұлтан мен Ақбаянның Қазақстан шекарасынан өткенін білдім. Қалған отбасы мүшелері жоғалып кеткен еді. Сол кезде олар Түркияға немесе Өзбекстанға емделуге кеткен шығар деп ойладым", – деді Самиғулла Сәрсемәлиев.
Сот барысында ол ұлын сабырлы, отбасына берілген адам ретінде сипаттады.
"Ұлым ешқашан ішімдік ішкен емес, темекі тартпайды, насыбай қолданбаған, құмар ойындарға әуес болған жоқ. Ол әрдайым отбасысы мен балаларының қамын ойлайтын", – деді ол.
Адвокаттың Сұлтанның қандай да бір діни ағымға қатысы бар-жоғы туралы сұрағына әкесі ондай жайтты байқамағанын айтып, нақты жауап бере алмайтынын жеткізді. Сонымен қатар әкесі ұлын толық ақтағысы келмейтінін атап өтті.
"Сот кімнің кінәлі екенін анықтап, бұл іске нүкте қояды деп үміттенемін", – деді күдіктінің әкесі.
Әкесі әлі күнге дейін болған оқиғаны толық түсіне алмай жүргенін және ұлының мұндай қылмысқа баратынына сенбейтінін айтты. Оның сөзінше, ол немерелеріне үнемі барып тұрады. Қазір бір бала сәбилер үйінде болса, тағы төртеуі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатыр. Жауап беру кезінде әкесі Сұлтан мен оның бұрынғы жұбайының арасына басқа адамдар араласқан болуы мүмкін деген пікірін де айтты. Алайда судья мұның адам өлтіруге себеп бола алатынын нақтылап сұрады.
"Ешкім олай ойламайды және ешкім олай айтпайды", – деп жауап берді куәгер.
Сондай-ақ ол қазіргі кезде жас отбасылардың ата-анасынан бөлек тұруды жиі таңдайтынын, бұл қалыпты құбылысқа айналғанын атап өтті. Ұлының өткен өмірі туралы айтқан Самиғұлла Сәрсемәлиев оның балалық шағында психологиялық жарақаттар немесе ауыр күйзелістер болмағанын жеткізді.
Оның айтуынша, Сұлтан мен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева арасында да елеулі жанжалдарды байқамаған.
"Оның Ақбаянға қол көтергенін де, дөрекі сөйлегенін де ешқашан көрген емеспін", – деді әкесі.
Судья ерлі-зайыптылар бұрын тату-тәтті өмір сүрген болса, кейін не өзгеруі мүмкін екенін сұрағанда, куәгер мұны қарапайым тұрмыстық келіспеушіліктермен байланыстырды.
"Қазақта "ерлі-зайыптылардың арасына бөгде адам түспейді" деген сөз бар", – деді Самиғұлла Сәрсемәлиев.
Одан кейін куәгер ретінде сотталушының анасы Гүлнар Азмұханова шақырылды. Ол соттың сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Осыған байланысты судья әйелдің тергеу барысында берген жауабын оқып берді, ал Азмұханова ол көрсетулерді толық растайтынын мәлімдеді. Сот залынан шығар алдында Азмұханова ұлына тіл қатуға рұқсат сұрады. Ол Сұлтанның бес баласы бар екенін еске салып, қандай жағдай болса да олардың әкесі болып қала беретінін айтты.
"Сен бұл өмірде қуаныш көрмедің. Өмір бойы күресумен келдің. Мықты бол. Өмір үшін күрес. Мен балаларыңа олардың әкесі бар екенін айтып отырамын", – деді ол.
Еске салайық, тергеу нұсқасы бойынша Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының туыстарын өлтірді деп айыпталған. Бұған дейін ол үш адамды қасақана өлтіргенін мойындағанымен, Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі бойынша қасақана кісі өлтіру айыбымен келіспей, оның абайсызда қаза тапқанын мәлімдеген.




