Жапония тағы да табиғи апаттың ортасында қалды. Дүйсенбі күні елдің солтүстік бөлігінде магнитудасы 7,6 балға жеткен жойқын жер сілкінісі тіркелді.
Жапонияның метеорологиялық агенттігі (JMA) дүмпуден кейін бірден дабыл қағып, биіктігі үш метрге дейін жететін цунами қаупі бар екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы нақты ақпарат түскен жоқ, алайда жағдай бақылауда.
Алапат толқын қай аймақтарға қауіпті?
NHK қоғамдық телеарнасының хабарлауынша, алғашқы цунами толқындары Жапонияның басты Хонсю аралына жақындап қалды.
Әсіресе, Аомори және Иватэ порттық аудандары қауіпті аймақта орналасқан. Болжам бойынша, су тасқыны жергілікті уақытпен түнгі 23:40 шамасында жағалауға соғуы мүмкін. Билік тұрғындарды барынша сақ болуға шақыруда.
Атом станцияларының жағдайы қандай?
Мұндай қуатты жер сілкінісі кезінде ең бірінші алаңдаушылық тудыратын мәселе – атом электр станцияларының қауіпсіздігі.
Ресми ақпарат көздері аймақтағы атом электр станцияларында шұғыл тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Мамандар ядролық нысандардың тұтастығы мен қауіпсіздік жүйелерінің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын анықтау үстінде. Әзірге ақаулар туралы хабарлама жоқ. Естеріңізге сала кетейік, Алматыда да жер сілкінісі болған еді.




