Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ қауымдастығы жаңа цифрлық тоғызқұмалақ платформасының іске қосылғанын жариялады. 9qum.com платформасы ұлттық зияткерлік ойынды онлайн форматта дамытуға және халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған.
Жобаны тоғызқұмалақшы әрі бағдарламашы Элдар Шаймағамбет пен Әдемі Есеншораева бірлесіп әзірлеген.
Жаңа платформада қолданушылар жасанды интеллектпен әртүрлі деңгейде ойнап, шеберлігін шыңдай алады, әлемнің кез келген жеріндегі қарсыластармен онлайн партия өткізіп, ойындарды толық талдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар бейнебайланыс арқылы ойнау, жаттықтырушымен жеке кабинетте жұмыс істеу, онлайн турнирлерге қатысу және үздік ойыншылардың партияларын көру функциялары қарастырылған.
Сондай-ақ платформада тоғызқұмалаққа арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдарды онлайн сатып алуға мүмкіндік беретін кітап дүкені жұмыс істейді.
Қауымдастықтың мәліметінше, платформа іске қосылған алғашқы үш күннің ішінде оған 1400-ге жуық спортшы тіркеліп, 9 мыңға жуық партия ойналған. Осы уақытқа дейін екі онлайн турнир ұйымдастырылып, оған шамамен 300 спортшы қатысқан.
Жоба авторлары алдағы уақытта республикалық және халықаралық турнирлерді тұрақты өткізу, рейтингтік жүйені жетілдіру, оқу-жаттығу мүмкіндіктерін кеңейту және жасанды интеллекттің талдау сапасын арттыруды жоспарлап отыр.
Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ қауымдастығы бұл жоба ұлттық зияткерлік мұраны заманауи цифрлық технологиялармен ұштастырып, тоғызқұмалақтың халықаралық беделін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті.




