Todayinfo.kz
NewsView all articles

Жетісуда Көлтабан ауылында 120 орындық жаңа мектеп ашылып, жоғары сыныптар ауылда қалды

Жетісу облысы Көлтабан ауылында 120 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұрын 10–11-сынып оқушылары қатынап оқитын, енді бәрі ауылда.

By Мұхтар Жексенбай··2 min read
Жетісуда Көлтабан ауылында 120 орындық жаңа мектеп ашылып, жоғары сыныптар ауылда қалды
Жетісу облысы Ақсу ауданының Көлтабан ауылында 120 орындық жаңа мектеп пен 25 орындық шағын орталық жұмысын бастады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Жаңа ғимарат бұрын бейімделген мектептің орнына салынды. Ескі нысанда асхана да, спорт залы да, мәжіліс залы да болмаған. Бұған дейін оқушылар 9-сыныпқа дейін ғана ауылда оқитын. 10–11-сыныптағы балалар көрші елді мекендердегі мектептерге қатынауға мәжбүр еді. Мектептің ашылу рәсімінде өңір басшысының орынбасары Диас Есдәулетов ауыл тұрғындарын облыс әкімінің атынан құттықтады.
"Президент тапсырмасына сай өңірде қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақындату бағыты күшейді. Көлтабан балалары ұзақ жыл бейімделген ғимаратта оқыды. Енді 120 орындық жаңа мектеп балаларға жайлы, қауіпсіз орта береді. Мектеп пән кабинеттерімен, ІТ сыныптармен, спорт және акт залдарымен, кітапхана және зертханалармен жабдықталды. Білім саласына қолдауды жалғастырамыз", - деді Диас Есдәулетов.
Салтанат барысында Диас Есдәулетов химия кабинетін жаңа үлгідегі жабдықтармен толықтыруға арналған сертификат табыстады. Ауыл атынан ардагер Мұрат Рахымов ризашылығын білдірді. Мектеп құрылысына жауапты мердігер ұйым – "СП NEFT" ЖШС директоры Нұрлан Қадырбаев білім ордасының символикалық кілтін мектеп директоры Жамбы Біржановаға тапсырды. Қонақтар нысанды аралап көрді. Үш қабатты ғимаратта 11 пән кабинеті, 2 шеберхана, кітапхана, спорт және акт залдары, асхана бар. Сондай-ақ 25 балаға арналған мектепалды шағын орталық қарастырылған. Шағын орталық бұрын тек түске дейін ғана жұмыс істеген. Енді толық күндік режимге көшті.
"Енді балаларымыз туған ауылынан қатынап оқымайды. Мұғалімдерге де, оқушыларға да жағдай бар. Зертханасы бар физика кабинеті, лингафон, информатика кабинеті жабдықталған, бәрінде панельді тақта орнатылған. Бұл терең оқуға және зерттеу жұмыстарына жол ашады", - деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ержан Біржанов.
"Ескі мектебіміз тозған еді. Ауылымыз шағын болса да, балаларымыз бен немерелерімізге кең, жарық мектеп салынды. Кішкентайларға арналған жаңа орталықтың ашылғаны да қуантады. Үлес қосқан азаматтарға алғысым зор", - деді ауыл тұрғыны Бақыт Лебаева.
"9-сыныпқа дейін осы ауылда оқыдым. Жоғары сынып болмаған соң Талдықорғанға барып, №19 мектепте 10-сыныпты бітірдім. Жаңа мектеп ашылғанын естігенде ауылға қуана қайттым. Мектеп қаладағыдан кем емес, бәрі әдемі әрі жайлы", - деді 11-сынып оқушысы Жаңыл Түркістан.

Related

Жетісуда Көлтабан ауылында 120 орындық жаңа мектеп ашылып, жоғары сыныптар ауылда қалды · Todayinfo