«Казфосфат» компаниясы Жамбыл облысында болған қайғылы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Компанияның хабарлауынша, 2026 жылғы 31 қаңтар күні шамамен сағат 13:30-да кәсіпорынға қарасты №2 учаскенің үйінді алаңында жазатайым оқиға орын алған.
Нақты мәліметке сәйкес, кәсіпорынға қызмет көрсететін мердігер ұйым – «Агрокалибрсервис» ЖШС-не тиесілі «БелАЗ» маркалы автосамосвал жүргізушісі кері қозғалу кезінде абайсызда артында тұрған «Shacman» маркалы автосамосвалға соқтығысқан. Аталған көлік субмердігер ұйым – «Айнур» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі болған.
Оқиға салдарынан «Shacman» маркалы автосамосвалдың жүргізушісі алған ауыр жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары жүргізілуде.
Компания ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
Сондай-ақ «Казфосфат» ЖШС қаза тапқан жүргізуші мен оқиғаға қатысы бар екінші жұмысшы компанияның штаттық қызметкерлері емес екенін нақтылады. Олар тапсырыс беруші мердігер ұйымдардың жұмысшылары болып табылады.
Компания мәліметінше, мердігер ұйымдардың қызметіне байланысты өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуы, еңбек қорғау нормалары мен өзге де міндетті ережелердің орындалуы жан-жақты тексеріледі.
«Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында кәсіпорын аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қосымша бақылау тетіктері енгізіледі», – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен кейбір ақпараттық сайттарда «Жаңа Жамбыл фосфор зауытында» үш жұмысшы күйік жарақатын алды деген ақпарат тараған.
Аталған мәліметтерде зауыт «Казфосфат» компаниясына тиесілі өндіріс аумағы ретінде көрсетілген. Алайда компания бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«2023 жылдың қаңтар айынан бастап “Жаңа Жамбыл фосфор зауыты” “Казфосфат” ЖШС құрамынан шығып, жеке кәсіпорын ретінде қызметін жалғастырып келеді. Сондықтан аталған оқиға біздің өндірістік аумағымызға қатысы жоқ», – деп мәлімдеді компания өкілдері.
«Казфосфат» ЖШС бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге және тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырды.




