Todayinfo.kz
NewsView all articles

«Қаражатты компаниясына тартқан: бюджетті қадағалауы тиіс Маңғыстаудың депутаты әкімдіктен 164 рет тендер ұтқан

Маңғыстау облысында депутаттық мандат коммерциялық мүдделерде жиі көріне бастады. Бұған мәслихаттағы сайланған өкілдермен байланысты компаниялар мемлекеттік сатып алуларға тұрақты түрде қатысып, миллиондаған теңгенің келісімшарттарын жеңіп алуы себеп болып отыр. Іс жүзінде бюджет

By Айғаным Нариманова··7 min read
«Қаражатты компаниясына тартқан: бюджетті қадағалауы тиіс Маңғыстаудың депутаты әкімдіктен 164 рет тендер ұтқан
Маңғыстау облысында депутаттық мандат коммерциялық мүдделерде жиі көріне бастады. Бұған мәслихаттағы сайланған өкілдермен байланысты компаниялар мемлекеттік сатып алуларға тұрақты түрде қатысып, миллиондаған теңгенің келісімшарттарын жеңіп алуы себеп болып отыр. Іс жүзінде бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылауы тиіс адамдар сол қаржыны өздері игеріп отыр. Оның үстіне ұсақ сома емес. Бұл не – сәйкестік пе, сәтті кәсіпкерлік пе, әлде мүдделер қақтығысының жүйелі көрінісі ме? Мандаттың мемлекеттік ақшаға қол жеткізу құралына қалай айналғанын, қазынадан қомақты қаражатты қандай депутаттардың алып отырғанын және одан қанша табыс түсіп жатқанын Todayinfo агенттігі саралап көрді. 

Мемлекеттік бюджеттен кім пайда көруде?

Маңғыстау облысында жария қызмет пен жеке бизнестің ара-жігі барған сайын көмескі тартып келеді. Соның айқын мысалдарының бірі – облыстық мәслихат депутаты Беляева Ирина Валерьяновнаға қатысты. Мәслихат сайтындағы ресми өмірбаянына сәйкес, Беляева 1973 жылы Бакуде туған, Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «педагог-психолог» мамандығы бойынша бітірген. Кәсіпкерлік жолын 1990 жылдары базардағы шағын дүкеннен бастаған. 1997 жылы «Prestige» жиһаз компаниясын құрып, уақыт өте келе ол Ақтау мен Жаңаөзенде үш салоны бар, шамамен 250 қызметкері бар ірі желіге айналды. Бір қарағанда – өңірлік табыстың үлгісі. Алайда бүгінде депутаттың бизнесі мемлекеттік сатып алу жүйесінде белсенді көрініп отыр. Ол «Идальго Актау» ЖШС арқылы Маңғыстау облысының мемлекеттік органдарымен жиі—жиі келісімшарттар жасасуда. Соңғы уақытта тапсырыс берушілер қатарында облыс әкімінің аппараты, Ақтау қаласы әкімінің аппараты, қалалық қаржы бөлімі және өзге де мекемелер бар. Әңгіме басшылар кабинеттеріне арналған жиһаз жеткізу туралы: үстелдер, тумбалар, құжаттар мен киімге арналған шкафтар, мәжіліс залдарына арналған жиһаз жиынтықтары. Мысалы, компания облыс әкімінің аппаратымен 2,6 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Тағы шамамен 4 млн теңге – Ақтау әкімінің аппаратымен. 3,5 млн теңгеден астам – жиһазға арналған тағы бір келісім бар. Қосымша 2 млн теңге – қалалық қаржы бөлімі кабинетін жабдықтауға алған. Бұл тек келісімдердің аз және бір бөлігі ғана. Әрине, сырттай бәрі заңды көрінеді: сатып алулар жүргізілген, келісімшарттар жасалған, тауар жеткізілген. Бірақ басты мәселе – мүдделер қақтығысында. Беляева жай ғана кәсіпкер емес. Ол – облыстық мәслихаттың қазіргі депутаты, сондай-ақ облыс әкімінің қоғамдық істер жөніндегі орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының және өңірлік Қоғамдық кеңестің мүшесі. Яғни шешім қабылдау жүйесінің ішінде жүрген, қоғамдық күн тәртібіне ықпал ететін адам. Сөйте тұра қатарласа отырып өз компаниясы арқылы тапсырыс алып отырған,  мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істейтін тұлға. Бюджет шығыстарының тиімділігін бақылауы тиіс депутат сол бюджеттік құрылымдарға тауар жеткізушіге айналған кезде, «рұқсат етілген шекара қайда?» деген сұрақ туындайды. Мүмкін, барлық келісімшарттар шынымен әділ бәсекеде жеңіп алынған болар. Мүмкін, оның жиһазы нарықтағы сапалы өнім шығар. Алайда жария қызмет – бұл тек заңды сақтау емес, бұл сонымен қатар сенім. Ал мандат пен келісімшарт бір адамның қолында, бюджеттен миллиондар өз компаниясының кассасына түсіп жатқанда, сол сенімді сақтау қиын  деген сұрақ туындайды. «Идальго Актау» ЖШС 2006 жылғы 14 қарашада Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 31А шағынауданы, 1 ғимарат мекенжайында тіркелген. Басшысы әрі құрылтайшысы – Беляева Ирина Валерьевна. pk.uchet.kz деректеріне сәйкес, компания шағын кәсіпорын санатына жатады. Алайда қызмет түрлерінің ауқымы кең: мамандандырылған дүкендерде жиһазды бөлшек саудада сату, кеңсе жиһазын өндіру, кеңсе жиһазын көтерме саудада өткізу, сондай-ақ арнайы дизайнерлік қызмет. Бір компанияның 164 рет тендер ұтуы Сервис мәліметінше, «Идальго Актау» мемлекеттік сатып алуларға қатысушы болып табылады және мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 181,7 млн теңгені (ҚҚС-пен) құрайтын 164 келісімшарт жасаған. Шағын кәсіпорын санатына ресми түрде жататын компания үшін бұл көлемді кездейсоқ қатысу деп айту қиын. Компанияның қаржылық динамикасы салық төлемдерінен де көрінеді – әсіресе соңғы жыл оның үшін табысты болған. «Идальго Актау» ЖШС-нің салық төлемдері 2015 ж. – 44 539 809 ₸ 2016 ж. – 32 668 067,6 ₸ 2017 ж. – 45 071 063 ₸ 2018 ж. – 13 455 808 ₸ 2019 ж. – 9 458 464,5 ₸ 2020 ж. – 14 815 868,4 ₸ 2021 ж. – 19 564 211 ₸ 2022 ж. – 26 183 387 ₸ 2023 ж. – 11 883 134 ₸ 2024 ж. – 16 977 080 ₸ 2025 ж. – 32 939 663 ₸ 2026 ж. – 3 504 044 ₸ pk.uchet.kz деректері бойынша Айта кетейік, депутаттың 2009 жылы Ақтауда тіркелген жеке кәсіпкерлігі де бар. Қызмет түрі – өз жылжымайтын мүлкін жалға беру және басқару, қонақүй қызметтері. Яғни бизнес мүдделері тек жиһаз саудасымен шектелмей, жылжымайтын мүлік пен сервис нарығына да таралған.

Халық қалаулысы ма, әлде бюджет мердігері ме?

Маңғыстау облыстық мәслихатының мемлекеттік келісімшарттармен тікелей байланысты бизнесі бар тағы бір депутаты – Боранбаев Бердіқожа Ондасынұлы. Мәслихат сайтындағы ресми өмірбаянына сәйкес, ол 1978 жылғы 26 қарашада Маңғыстау облысы Жетібай кентінде туған. Маңғыстау политехникалық колледжін «Банк ісі» мамандығы бойынша, ал 2005 жылы Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін «Азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1997 жылы «Қарақұдықмұнай» ЖШС-де жүргізуші болып бастаған. 2006 жылдан бастап «Оңдасын Строй» құрылыс компаниясының жалғыз құрылтайшысы әрі директоры. Бүгінде дәл осы компания өңірдегі ірі мердігерлердің бірі саналады. Жасалған келісімшарттарға қарағанда, «Оңдасын Строй» негізінен әлеуметтік салада жұмыс істейді – денсаулық сақтау және спорт нысандарын күрделі жөндеуден өткізеді және салады. Алайда келісімшарттардың ауқымы компанияны ірі бюджеттік ойыншылар қатарына шығарады. Соңғы ірі жобаларды атап өтейік: • 805 млн теңге – Маңғыстау облыстық жоғары медициналық колледжі ғимаратының күрделі жөндеуі; • 734 млн теңге – Жаңаөзен қалалық №3 емханасының күрделі жөндеуі; • 595 млн теңге – облыстық тері-венерологиялық диспансердің күрделі жөндеуі; • 1 млрд 573 млн теңге – С. Шапағатов ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы (аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша). Тек осы төрт жобаның өзі 3,7 млрд теңгеден асады. Бұл енді жергілікті деңгейдегі мердігерлік емес, өңірдің ірі инфрақұрылымдық жобаларына жүйелі қатысушы саналады. «Оңдасын Строй» компаниясы 2006 жылғы 3 сәуірде тіркелген. Заңды мекенжайы – Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы, Жалау Мыңбайұлы көшесі, 117-ғимарат. Басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы – Боранбаев Бердіқожа Ондасынұлы. pk.uchet.kz деректеріне сәйкес, компания орта кәсіпорын санатына жатады, қызметкерлер саны 250 адамға дейін. Негізгі қызмет түрі – арнайы біліктілікті талап ететін өзге құрылыс жұмыстары. Сонымен қатар компанияда 155 лицензия мен рұқсат бар. Ұйымның Орал қаласында филиалы да бар. Негізгі көрсеткіш – мемлекетпен тікелей жұмыс істеуі. pk.uchet.kz мәліметінше, «Оңдасын Строй» мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 669 млрд теңгені (ҚҚС-пен) құрайтын 425 келісімшарт жасаған. Бұл жүздеген миллион немесе жекелеген миллиардтар емес, тұтас аудандар мен салалық бағдарламалардың бюджетімен салыстыруға болатын өте қомақты сома. Депутат алатын табыстың ауқымын салық төлемдері де көрсетеді. 2024 жылы компания бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаржы аударған, ал өткен жылы салық көлемі 860 млн теңгеден асқан. «Оңдасын Строй» ЖШС-нің салық төлемдері 2015 ж. – 91 268 867,6 ₸ 2016 ж. – 42 628 333,6 ₸ 2017 ж. – 261 055 252,5 ₸ 2018 ж. – 221 425 164,2 ₸ 2019 ж. – 205 686 226,8 ₸ 2020 ж. – 675 179 278,3 ₸ 2021 ж. – 525 085 072,7 ₸ 2022 ж. – 616 382 978,7 ₸ 2023 ж. – 743 553 329,3 ₸ 2024 ж. – 1 350 634 507,1 ₸ 2025 ж. – 860 093 971,9 ₸ 2026 ж. – 64 032 966,6 ₸ pk.uchet.kz деректері бойынша Көпмиллиондық табысқа қарамастан, компанияның бюджетке 2,6 млн теңге берешегі бар. Жалпы алғанда, осындай көлемдегі мемлекеттік тапсырыстар портфелі бар компания облыстық мәслихаттың қазіргі депутатына тиесілі болған кезде, бұл жай ғана бизнес жетістігі деп атау қисынсыз. Бұл – өңірдегі саяси мәртебе мен бюджеттік экономиканың тығыз байланысының мысалы саналады. Алайда депутаттар мәслихаттың басты міндеті – өңір қаржысының қалай жұмсалып жатқанын бақылау екенін ұмытып кеткендей. Ал қазір біз көріп отырған жағдай мынау: мандаты бар адамдардың компанияларында миллиардтар шоғырланған сайын, басты сұрақ та күшейе түседі – бюджет қоғамға қызмет етіп жатыр ма, әлде барған сайын тар шеңбердегі «өз адамдардың» ішінде айналып жүр ме?

Related

«Қаражатты компаниясына тартқан: бюджетті қадағалауы тиіс Маңғыстаудың депутаты әкімдіктен 164 рет тендер ұтқан · Todayinfo