Оңтүстікте ежелгі рулардың бірі саналатын Сіргелі тайпасының арасынан жік шықты. Олар осымен кезекті рет жиналып, руға тиесілі орталықта қаржылық проблема болып жатқанын жалпақ жұртқа ашық жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz порталы. Рудың өкілдері құдай тамақтан түскен ақшаға
Оңтүстікте ежелгі рулардың бірі саналатын Сіргелі тайпасының арасынан жік шықты. Олар осымен кезекті рет жиналып, руға тиесілі орталықта қаржылық проблема болып жатқанын жалпақ жұртқа ашық жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz порталы.
Рудың өкілдері құдай тамақтан түскен ақшаға бола дауласып жатыр. Рудың ішіндегі дауды көтергендердің сөзінше, 12 атаға тиесілі мәдени орталықтың директоры құйтырқы істерге барған.
2025 жылдың 7 желтоқсанында Шымкент қаласындағы Ойсыл баба, Сіргелі рухани орталығының маңында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбаны блогер, желі қолданушысы Бақытжан Көпбаев жариялаған.
Бейнежазбада 12 ата Сіргелі руының рухани орталығына қарасты екі мейрамханадан түсетін миллиондаған қаржының тағдырына қатысты сұрақ көтерілген. Арызданушы тараптың айтуынша, егер бұл қаражаттан салық төленбесе, оның қайда жұмсалып жатқаны белгісіз.
Осы мәселеге байланысты Ойсыл баба Сіргелі орталығының өкілі Мұрат Қыдырбаев пікір білдірді.
«Біз бұл жерге арыз-шағыммен келіп отырмыз. Бұрын прокуратура саласында қызмет атқарған Жұмағалиев Орынбай есімді азаматтан шағым түсті. Ол шағымда орталық басшысы Әбдіқадыр Кәрім мырзаның іс-әрекетіне наразылық білдірілген. Себебі бұл 12 ата Сіргелі рухани орталығы жекеменшікке өтіп кету қаупі бар. Ал оның ашылуына тұтас бір рудың ұрпақтары үлес қосқан», – дейді Мұрат Қыдырбаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда орталықта 12 атаның толық өкілдері болуы тиіс еді. Алайда соңғы жылдары құрылтайшылар құрамында өзгерістер орын алған.
«Әбдіқадыр Кәрім мырза келгелі бері 12 құрылтайшының тек бесеуі ғана қалған, ал жеті рубасшы шеттетілген. Ру құрамына қатысы жоқ адамдарды басшылыққа қойып, түскен табысты жеке пайдасына жаратып отыр деген шағымдар бар. Сол себепті біз ағайын болып жиналып, өз уәжімізді айтқымыз келеді. Бірақ орталық басшысы бізбен кездесуден қашқақтап жүр: сөйлеспейді де, бетпе-бет кездесуге де келмейді», – дейді ол.
Мұрат Қыдырбаевтың сөзінше, қазір Сіргелі руының ұрпақтары арасында орталыққа қатысты мүліктік дау ушығып отыр.
«Нақты қанша пайда түскенін айту қиын, бірақ ол кісі басшылыққа келген соң соңғы 3,5 жылда шамамен 1 миллиард 400 миллион теңгеге жуық қаржы айналымда болғаны айтылады. Соған қарамастан, осы уақыт ішінде орталықта бірде-бір рет касса аппараты орнатылмаған», – деді ол.
Қазіргі таңда аталған мәселеге қатысты құзырлы органдарға арыз-шағым жолданғаны айтылып отыр. Тараптар бұл дауды заң аясында шешуді талап етуде.