Фото: Шымкент қаласының әкімдігі
Todayinfo.kz ақпарат агенттігінің сауалына орай Шымкент қаласы әкімдігі 2025 жылы жаңа жылдық безендіру мен мерекелік рәсімдерге бөлінген қаржы көлемін хабарлады. Биыл бұл мақсатқа 99,3 млн теңге қарастырылған. Ал өткен жылы қала аумағын мерекелік безендіруге 80,6 млн теңге жұмсалған.
Осылайша, жаңа жылдық безендіруге бөлінген қаржы көлемі бір жылда 18,7 млн теңгеге артқан.
Қаражат қайда жұмсалады?
Әкімдіктің мәліметінше, бөлінген қаржы қоғамдық орындарды кешенді түрде безендіруге бағытталған. Атап айтқанда:
-
мерекелік шағын сәулет нысандарын (МАФ) орнату;
-
көшелерге кронштейндер мен гирляндаларды орналастыру;
-
жаңа жылдық шыршаларды безендіру жұмыстары.
Ескі элементтер қайта қолданыла ма?
Қалада жаңа жылдық безендіру барысында бұрынғы жылдары сатып алынған элементтер де пайдаланылады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қолданыстағы конструкциялар мен сәндік бұйымдар техникалық жағдайы мен көркемдік сәйкестігіне қарай қайта орнатылады. Ал безендіруді толықтыру немесе жаңарту қажет болған жағдайда ғана қосымша жаңа элементтер сатып алынады.
Қаражат қалай бөлінді?
Безендіруге арналған қаржы қала аудандары арасында олардың аумағының көлеміне, халық санына және безендірілетін көшелер мен алаңдардың санына қарай жоспарланған. Алайда нақты әр ауданға бөлінген сома жарияланған жоқ.
Энергия үнемдеу қаншалықты сақталады?
Әкімдік жаңа жылдық безендіру кезінде экологияға зиянсыз әрі энергияны аз тұтынатын материалдар қолданылатынын хабарлады. Жарықдиодты шамдар мен автоматтандырылған уақыт реттегіштер электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Тұрғындардың пікірі ескеріле ме?
Қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылатыны айтылды. Сонымен қатар тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар мен пікірлер назарға алынып, ескерілуде.




