Әлеуметтік желілерде белгілі актриса Әлия Ануарбекке сырға салынған сәтті бейнелейтін видео кеңінен таралуда. Видео кадрларында продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқанова актрисаның құлағына сырға салып жатқанын көруге болады,деп хабарлайды Todayinfo.
«Құлағына сырға салуға келіп қалдық. Сырғамыз салтанатты, құдалығымыз құтты болсын», – деп мәлімдеді Мұқанова сырға салу рәсімі кезінде.
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы ретінде танылған Мөлдір Мұқанова соңғы жылдары продюсерлік пен әншілікпен де белсенді айналысып жүр. Оның актрисамен арасындағы туыстық немесе құдалық байланысы туралы нақты ақпарат берілмегенімен, сырға салу рәсімі көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Әлия Ануарбек: киноға қайта оралу
Актриса Әлия Ануарбек көрерменге алғаш рет Ақан Сатаевтың “Ағайынды” телехикаясы мен “Жаужүрек мың бала” тарихи фильмі арқылы танылған еді. Соңғы жылдары өнер сахнасынан біршама үзіліс жасаған актриса қайта үлкен экранға оралып, “Бақыт құшағында” мюзиклында басты рөлдердің бірін сомдап жатыр.
Актриса сырға салуға қатысты ресми мәлімдеме жасамаған. Дегенмен оның өміріндегі бұл ерекше сәт желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.




