Сұрапыл соғыстың зардабы мен қасіреті адамзат тарихында өшпес із қалдырды. Сондай ауыр кезеңді бастан өткеріп, майдан даласында ерлік көрсеткен, бейбіт күнде ел экономикасын көтеруге атсалысқан ардагерлердің есімі мен еңбегі әрдайым құрметке лайық. Todayinfo агенттігі Отан алдындағы борышын адал атқарған майдангердің өмір жолы мен батырлығы туралы жазады.
Папков Петр Кузьмич 1925 жылдың маусым айында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. Бүгінде Петр Кузьмич Жетісай ауданындағы көзі тірі жалғыз майдангер. Ол майдан даласына 1942 жылы шақырылып, 73-гвардиялық армияның 105-полкі құрамында әскери міндетін өтеді. Сұрапыл жылдары Киев, Бухарест және Венгрия қалаларын фашистік басқыншылардан азат ету ұрыстарына белсене қатысты. Майдан даласында, дәлірек айтқанда құрылыс батальонында жүргізуші әрі құрылысшы қызметін атқарған ардагер елге 1950 жылы оралды. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де аянбай еңбек етіп, тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласын, соның ішінде ауылдарды қалпына келтіру ісіне үлкен үлес қосты. Зейнет жасына шыққанша трактор тізгіндеп, адал еңбегімен танылған қарт майдангер Ұлы Отан соғысы мен Еңбек ардагері атанып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Қазіргі таңда ол өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан тараған немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.

Анартаев Ахмаджан 1926 жылы 10 қарашада Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында туған. Әскер қатарына шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымшарында еңбек етіп үлгерген болатын. Ахмаджан Анартаев 1944 жылдың 5 мамырында Сайрам аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанып, 64-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер шенінде қызмет етті. Ол Польшаны азат ету жолындағы қанды шайқастар мен Германия аумағындағы стратегиялық ұрыстарға қатысты. Сұрапыл ұрыстарда жүрсе де, бағына қарай ешқандай жарақат алмаған жауынгер 1949 жылдың 10 сәуірінде әскери міндетін толық өтеп, елге аман-есен қайтты. Соғыста көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және 8 мерейтойлық медальдармен марапатталды. Майданнан оралған соң Ахмаджан Анартаев зейнеткерлікке шыққанға дейін Ә. Науаи атындағы ұжымшарда жүргізуші болып ұзақ жылдар бойы қажырлы қызмет атқарды. Бүгінде ардагер өзінің туған жері - Қарабұлақ ауылдық округіндегі Ашбұлақ көшесінде тұрады.





