Lada.kz редакциясына «Біз – адамдармыз, біз – біргеміз» қоғамдық қорының директоры Иманғазы Досмұханбетов жүгініп, ақтаулықтарды қиын жағдайға тап болған Түрікменстан азаматына көмек көрсетуге шақырды.
Қор басшысының айтуынша, ер адам Түрікменстаннан Ақтауға таксимен келген. Ол Мәскеуге тәтесіне бармақ болған, бірақ теңіз жағалауында серуендеп жүрген кезінде ақшасын жоғалтып, далада қалған.
«Өмірде түрлі жағдай болады. Бізге Артём есімді 45 жастағы Түрікменстан азаматы хабарласты. Ол үш күннен бері әуежайда түнеп жүр екен. Ақтауға келгенде қолында 200 доллар болған. Мәскеуге ұшар алдында қаланы аралап, теңізді көргісі келіпті. Алайда серуен кезінде ұшақ билеті мен жолға деп сақтаған ақшасын ұрлатып алған. Мәскеуге жұмыс істеуге бармақ болған, бірақ осылайша қиын жағдайда қалды. Бірнеше күн бойы тәтесінен электронды билет күтсе де, ол келмеген соң бізге көмек сұрап жүгінді», — дейді Иманғазы Досмұханбетов.
Қазір қор ер адамға ұшақ билетін сатып алып беру үшін қаржы жинауды бастап кетті. Жиналған қаражат есебінен оған тек билет емес, жолға аздаған қаражат та берілмек.
Фото: Lada.kz«Қазіргі уақытта Артёмға екі күнге пәтер жалдап, азық-түлік әпердік. Ер адам ішімдік ішпейді, шылым шекпейді. Түрікменстанда оның үш баласы бар. Ақтауға амалсыздан келген, кейін Мәскеуге жұмыс істеуге ұшпақ болған. Мамандығы — кран жүргізуші», — деп қосты қор жетекшісі.




