Todayinfo.kz
NewsView all articles

«Алты адамға бір орамал, сынық компьютер, өлі жандарға жалақы»: Алматыдағы №1 емхана "мафияға" айналған ба?

Алматыдағы №1 қалалық емхананың бір топ қызметкері еңбек жағдайы мен жалақыға қатысты өрескел заңбұзушылықтар бар екенін айтып, дабыл қақты. Мейірбикелер мен медицина қызметкерлерінің айтуынша, соңғы екі жылда мекемеде әділетсіздік белең алған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат

By Айғаным Нариманова··3 min read
«Алты адамға бір орамал, сынық компьютер, өлі жандарға жалақы»: Алматыдағы №1 емхана "мафияға" айналған ба?

Алматыдағы №1 қалалық емхананың бір топ қызметкері еңбек жағдайы мен жалақыға қатысты өрескел заңбұзушылықтар бар екенін айтып, дабыл қақты. Мейірбикелер мен медицина қызметкерлерінің айтуынша, соңғы екі жылда мекемеде әділетсіздік белең алған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Өздерін таныстырған қызметкерлердің бірі – 28 жастағы мейірбике Гүлжан. Ол №1 қалалық емханада 2023 жылдан бері жаңа басшылық келгеннен кейін жағдай күрт өзгергенін айтады.

«Басшылық өз командасын алып келіп, оларға жоғары жалақы бекітті»

Гүлжанның сөзінше, жаңа басшылық келген соң өзімен бірге жеке командасын ертіп келген.

— Сол адамдарға «установочный оклад» деп аталатын жоғары жалақы бекітілді. Ал бұрыннан жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің еңбекақысы сол күйі төмен деңгейде қалды.
Мысалы, менің айлығым – 179 мың теңге. Ал басшылықпен бірге келген мейірбикенің айлығы – 349 мың теңге. Кейбіреулер 500 мың теңгеден де көп алады, – дейді ол.

Қызметкерлердің қолында бұл жайтты дәлелдейтін құжаттар – есеп айырысу парақтары мен ішкі құжаттар бар екені айтылады.

«Өлі жандарға» жалақы төленіп отыр ма?

Емхана ұжымы тағы бір күрделі мәселені көтерді: мекемеде «өлі жандар» бар деген күдік.

— Жұмысқа келмейтін, бірақ жалақы алып отырған адамдар бар деп есептейміз. Бұл бойынша нақты деректеріміз де бар, – дейді қызметкерлер.

Алайда олар басшылыққа ашық шағымдануға қорқатынын жасырмайды.

— Барлық жолдар әдейі жабылған. Қысым бар: тексеру, негізсіз ескертулер, психологиялық қудалау күшейді. Сондықтан ашық айту мүмкін болмай отыр, – дейді олар.

Этика кеңесі, жұмыстан шығару, қысым

2025 жылдың қазан–қараша айларында қызметкерлер Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына бармақ болып, 2023 жылдан бергі есеп айырысу парақтарын сұратқан.

— Құжаттарды әрең алдық. Ертеңіне бізді «этика кеңесіне» шақырды. Бірақ ол отырыс ресми хаттамасыз, хаттамасыз өтті. Ауызша ескерту жасалды, – делінген арызда.

Отырыстан кейін екі қызметкердің аты аталған:

  • бір дәрігер әйел келесі күні жұмыстан шығарылған;

  • бір мейірбикенің жалақысы қысқартылып, ол 2026 жылдың ақпанында өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болған.

Қызметкерлер бұл әрекеттерді қысым көрсету деп бағалайды.

«Бір орамал алты адамға, сынған техника, желдеткіш жоқ»

Медицина қызметкерлері еңбек жағдайының да сын көтермейтінін айтады.

Олардың айтуынша:

  • құрғақ сүрткіштер жеткіліксіз (алты адамға бір орамал);

  • кейбір компьютерлер істемейді;

  • орындықтар мен шкафтар сынық;

  • тышқан мен пернетақталардың жазуы өшіп кеткен;

  • дәретханалар санитарлық талапқа сай емес;

  • желдеткіш істемейді, жазда бөлме температурасы 40 градусқа дейін жетеді;

  • кондиционер жоқ, бірнеше рет сұраныс берілсе де орнатылмаған.

Қызметкерлер бұл жағдайлардың СанПиН талаптарына және ҚР Еңбек кодексіне сай келмейтінін айтады.

Қызметкерлердің талабы

Емхана ұжымы:

  1. Еңбек заңнамасының сақталуына және жалақының әділ есептелуіне тексеріс жүргізуді;

  2. Басшылық тарапынан қысым көрсетілу фактілеріне құқықтық баға беруді;

  3. Санитарлық және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруді;

  4. Заң аясында шара қолдануды сұрайды.

— Барлық фактілер құжатпен дәлелденеді, қажет болса көрсетуге дайынбыз, – делінген арызда.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының жауабы

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселеге байланысты ресми түсініктеме берді.

Мәлімдемеде:

— Қалалық №1 емхананың қызметіне қатысты жарияланған ақпараттар мен арыз-шағымдарға байланысты арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта мекемедегі еңбек жағдайы, санитарлық талаптардың сақталуы, жалақы мен ынталандыру төлемдерінің есептелу тәртібі жан-жақты тексерілуде.

Егер көрсетілген фактілер расталса, заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Тексеру нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі. Мәселе басқарманың бақылауында, – делінген.

Related

«Алты адамға бір орамал, сынық компьютер, өлі жандарға жалақы»: Алматыдағы №1 емхана "мафияға" айналған ба? · Todayinfo