Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты авторлық құқықты бұзу ісі бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Todayinfo.
Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы Instagram парақшасында өзіне тиесілі фотоиллюстрацияны жариялаған. Алайда бір компания оны автордың рұқсатынсыз өз ресми сайтына орналастырған. Кейін компания сотқа дейінгі талап жолдап, автордың атын қосқан.
Сот отырысында жауапкер автормен келісімшарт жасалғанын дәлелдей алмады. Осы себепті сот оның әрекетін авторлық құқықты бұзу деп таныды. Жауапкердің «фотосурет ашық интернетте болғандықтан еркін пайдалануға болады» деген уәжі негізсіз деп бағаланды. Сот құқық бұзушылықтың мән-жайын ескере отырып, талапты ішінара қанағаттандырды. Авторлық құқықты бұзғаны үшін жауапкер 100 айлық есептік көрсеткіш (369 200 теңге) көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.
Фото: SOPA Images/Getty Images




