Биыл 31 наурыз күні Түркияның Ыстамбұл қаласында әлдекімдер Қазақстан азаматын атып өлтірген болатын. Бүгін Қазақстанның ішкі істер министрлігі оны кім тапсырыспен өлтіргенін жария етті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бұл адамды трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері тапсырыспен өлтірген.

«Ыстамбұл қаласында Исмаилов есімді Қазақстан азаматын тапаншамен атып, өлтіріп кеткен болатын. Қазақстанның полициясы Грузия, Түркия және Әзербайжан елдеріне барып, қылмыстың бетін ашты.Қылмыстық істі тергеу барысында қылмыстың жасалу себебі, сондай-ақ кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталды. Тапсырыс берген адам - АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталу дерегі үшін бас бостандығынан айырылған қылмыс әлемінің беделді басшысы болып шықты», - деп хабарлайды ІІМ.

Бұл адам Алматы қаласындағы ауыр қылмыстарға да қатысы бар болып шықты.

«Жуырда Алматы қаласында бір адамды өлтіруге оқталған ұйымдасқан қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталды. Ол Алматы тұрғынын 2025 жылдың тамызында тапаншасымен атып өлтірмек болған. Қылмыс құралы - тапанша тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды», - деп хабарлайды полиция.

Жалпы, дереккөзге сүйенсек, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Түркия және Грузиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл аясында үш мемлекеттің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізген. Осылайша, Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның мүшелері ұсталды. Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр.

Аталған қылмыстарды жасаудағы қаскөйлердің көздегені - қылмыстық идеология элементтерін пайдалану арқылы диаспоралық топтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне ықпал ету. Грузия аумағында трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар күдіктілер ұсталды.