Тұтас бір отбасын қырып салғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевке үкім кесу кезінде оның артында қалған бес баласына қатысты да шешім шықты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Істі қараған судья Зарема Хамидуллина сотталған азаматтың кәмелетке толмаған бес перзентінің тағдырына байланысты жеке қаулы қабылдағанын мәлімдеді. Сот шешімімен балалардың құқықтарын қорғау және оларды орналастыру мәселесі жауапты мекемелерге жүктелді.
"Сот балалардың болашақ қамқорлығы мен орналастыруын Атырау облыстық білім беру департаментіне тапсыруды бұйырды. Сонымен қатар Қызылқоға ауданының әкімдігіне балалардың мүліктік мүдделерін қорғау үшін Жангелдин ауылында марқұмдардан қалған үйге мұрагерлік құқықтарын ресімдеу тапсырылды", – деді судья Зарема Хамидуллина.
Сұлтан Сәрсемәлиевтің ең кіші перзенті 2025 жылы дүниеге келген. Осы жылдың 3 ақпанында аудандық кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы балаларды мемлекет қамқорлығына алу туралы шешім шығарған еді. Бұған дейін оларға сотталушының анасы қарап келген. Алғашқыда үш үлкен бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал екі кішісі балалар үйіне жіберілген болатын.
Кейінірек Атыраудағы бейімдеу орталығында 3-9 жас аралығындағы төрт баланың, ал ең кенжесінің мамандандырылған мекемеде тәрбиеленіп жатқаны анықталды.




