Todayinfo.kz
NewsView all articles

Асфальтқа төселген теңгелер: СҚО әкімдігі миллиардтарды тек тұрақты монополистерге беріп келеді

Солтүстік Қазақстан облысында жол саласына бөлінетін миллиардтар бағытының өзгеруі қиын, олар тұрақты түрде белгілі ғана компанияға тиесілі. Әр жылы – жаңа тендер, жаңа сома, бірақ жеңімпаздар – сол баяғы бұрынғы фирмалар. Көбіне тас жолдар мен автомобиль жолдарын жөндеу және сал

By Айғаным Нариманова··8 min read
Асфальтқа төселген теңгелер: СҚО әкімдігі миллиардтарды тек тұрақты монополистерге беріп келеді
Солтүстік Қазақстан облысында жол саласына бөлінетін миллиардтар бағытының өзгеруі қиын, олар тұрақты түрде белгілі ғана компанияға тиесілі. Әр жылы – жаңа тендер, жаңа сома, бірақ жеңімпаздар – сол баяғы бұрынғы фирмалар. Көбіне тас жолдар мен автомобиль жолдарын жөндеу және салу бойынша мердігерлік жұмыстар бір ғана нарық ойыншыларының арасында бөлінеді. Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде қалыптасқан жүйе ме? Todayinfo.kz материалында біз осы компаниялардың өңірдегі мемлекеттік органдармен жасаған келісімшарттарын зерттеп, басты жол километрлері кімнің қолында екенін және қандай кәсіпкерлердің жол нарығында мықтап орныққанын анықтадық.

Магистральдағы миллиардтар

Бюджеттік мердігерліктерді тұрақты алып отырған компаниялардың бірі – «Петропавл жолдары» ЖШС. Бұл компания мемлекеттік сатып алуларда ең жиі кездеседі. Тек 2025–2026 жылдардың өзінде өңірдің мемлекеттік органдарымен миллиардтаған теңгеге келісімшарттар жасаған. Негізгі тапсырыс беруші – Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Онымен бірқатар аудандардағы жолдарды күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу бойынша келісімдер жасалған: • 106,8 млн теңге – Шал ақын ауданында; • 261,2 млн – Жамбыл ауданында; • 278,3 млн – Аққайың ауданында; • 112 млн – Мамлют ауданында; • 218,7 млн – М. Жұмабаев ауданында; • 397,4 млн – Тайынша ауданында; • 211,4 млн – Есіл ауданында. Бірақ бұл тізім мұнымен шектелмейді. Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен нақты жол учаскелеріне «орташа жөндеу» бойынша да келісімдер жасалған: • 769,6 млн теңге – Александровка ауылына кіреберіс жол; • 244 млн – Ұзынкөл ауылына кіреберіс жол; • 235,7 млн – Чистовское ауылына кіреберіс жол; • 356,2 млн – Пролетарка ауылына апаратын жол. Тағы бір жеке келісім – шамамен 200 млн теңге – Булаево қаласы әкімінің аппаратымен 2025–2027 жылдарға арналған көшелерді күтіп ұстау жұмыстарына жасалған. Тек осы аталған шарттардың өзін қоссақ, сома бірнеше миллиард теңгеге жетеді. Бұл – тек соңғы уақыттағы келісімдер ғана. Осылайша, бюджетті молынан игеру бағыты әлдеқашан қалыптасқан.

Бюджеттен 194 млрд теңге алған

Келісімшарттар картасына қарасаңыз, Солтүстік Қазақстан облысында жолдар тек ауылдарға ғана емес, бірдей шоттарға апаратыны байқалады. Енді басты сұрақ – осы жол миллиардтарының артында кім тұр? Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Петропавл жолдары» ЖШС 2006 жылғы 7 наурызда Петропавл қаласында, Интернациональная көшесі, 61 мекенжайында тіркелген. Қызметкерлер саны 200 адамға дейін жететін орта кәсіпорын саналады. Қызмет бағыты – автомобиль жолдары мен автомагистральдар салу, құрылыс тасын өндіру және тауарлық бетон шығару. Яғни, шикізаттан бастап жол төсеуге дейінгі толық цикл. Компанияда рұқсат құжаттарының ірі пакеті бар – 535 лицензия мен рұқсатнама. pk.uchet.kz сервисінің мәліметінше, кәсіпорын мемлекеттік сатып алулардың белсенді қатысушысы: қызмет еткен жылдары мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 194,4 млрд теңгеге (ҚҚС-пен) 508 келісімшарт жасаған. Компанияны Александр Ветер басқарады, ал құрылтайшысы – Кузнецов Николай Николаевич. Салық аударымдарына қарағанда, бюджет қаражаты есебінен бизнес иесіне қомақты пайда түсіп отыр деуге болады. «Петропавл жолдары» ЖШС салық аударымдары: 2015 ж. – 75 351 690,5 ₸ 2016 ж. – 105 138 899,8 ₸ 2017 ж. – 123 358 906,4 ₸ 2018 ж. – 133 208 131,2 ₸ 2019 ж. – 194 234 264,5 ₸ 2020 ж. – 307 531 143,1 ₸ 2021 ж. – 211 809 260,6 ₸ 2022 ж. – 120 457 787,2 ₸ 2023 ж. – 225 034 052,2 ₸ 2024 ж. – 247 453 333,9 ₸ 2025 ж. – 210 165 807,2 ₸ 2026 ж. – 165 962 459 ₸ (pk.uchet.kz деректері бойынша) Магистральдардағы миллиардтардың тағы бір тұрақты ойыншысы Егер «Петропавл жолдары» ЖШС өңірлік тендерлердің жүйелі қатысушысы болса, «Қызылжар Жолдары KZ» ЖШС – мүлде басқа деңгейдегі ойыншы. Мұнда сөз жүздеген миллион емес, миллиардтаған теңгеге жасалған келісімшарттар туралы болмақ. 2026 жылы компания «Астраханка–Смирново–Қиялы–Тайынша–Алексеевка» автожолын күрделі жөндеу бойынша 5 млрд теңгелік тендерді жеңіп алған. Ал бір жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен тағы бірнеше ірі келісім жасалған: • 823,4 млн теңге – «Лавровка–Келлеровка–Тайынша–Чкалов» жолын орташа жөндеу; • 3,4 млрд теңге – «Еленовка–Арықбалық–Чистополье–Есіл» трассасын орташа жөндеу. 2025 жылы компания тағы да мынадай мердігерліктерді алған: • 390,2 млн теңге – Есіл ауданындағы Бірлік ауылына кіреберіс жолды жөндеу; • 226,6 млн теңге – Ильинка ауылындағы ішкі жолдарды жөндеу. Осылайша, екі жыл ішінде «Қызылжар Жолдары KZ» тек облыстық органдармен 9 млрд теңгеден астам келісімшарт жасасқан. Бірақ тапсырыс берушілер географиясы мұнымен шектелмейді. Компания ұлттық жол операторы «ҚазАвтоЖол»-мен 196,6 млн және 7,448 млрд теңгеге келісімшарттар жасасқан. Сонымен қатар оның еншілес құрылымы – ТОО «КАЖсервис»-пен де 155,2 млн, 67,2 млн және 43,5 млн теңгелік шарттары бар. Картина айқын: бір компаниялар ағымдағы жөндеумен айналысса, енді біреулері миллиардтаған теңгелік күрделі жобаларды алады. Бірақ принцип бір – жолға бөлінген ақша тұрақты мердігерлер шеңберінде қалады. Компания туралы мәліметке келсек, ол 2015 жылғы 13 наурызда Петропавл қаласында, Ярослав Гашек атындағы 1-проезд, 3А мекенжайында тіркелген. 100 қызметкері бар шағын кәсіпорын саналады, қызмет бағыты – жол және автомагистраль салу, құрылыс техникасын және жабдықты (оператормен бірге) жалға беру. «Шағын» деген мәртебесіне қарамастан, келісімшарт көлемі өте ауқымды. pk.uchet.kz дерегінше, компания мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 201,9 млрд теңгеге (ҚҚС-пен) 101 келісімшарт жасаған. Ондаған қызметкері бар кәсіпорын үшін бұл кейбір аудандардың жылдық бюджетімен пара-пар көрсеткіш. Компанияда 120 лицензия мен рұқсат бар. Басшысы – Саят Садвакасов, құрылтайшысы – Жолдаспаев Асхат Қайырбекұлы. Салық аударымдарының динамикасы да қызық. Алғашқы жылдары төлемдер өте аз болған, 2020 жылға қарай 74 млн теңгеге жеткен, кейін күрт өскен – компания бюджетке жүздеген миллион теңге аудара бастаған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 1 млрд теңгеден асты. «Қызылжар Жолдары KZ» ЖШС салық аударымдары: 2015 ж. – 155 343 ₸ 2016 ж. – 1 635 537 ₸ 2017 ж. – 498 335 ₸ 2018 ж. – 4 270 630,5 ₸ 2019 ж. – 31 958 716,5 ₸ 2020 ж. – 74 370 506,4 ₸ 2021 ж. – 58 760 582,7 ₸ 2022 ж. – 201 600 488 ₸ 2023 ж. – 355 693 063,6 ₸ 2024 ж. – 474 701 990,9 ₸ 2025 ж. – 1 096 368 470 ₸ 2026 ж. – 50 555 787,6 ₸ (pk.uchet.kz деректері бойынша) Небәрі он жыл ішінде компания ең төменгі салық жүктемесінен миллиардтаған келісімшарттарға және рекордтық төлемдерге дейін жеткен. Мемлекеттік тапсырыс көлемі оны өңірдегі ең ірі мердігерлердің біріне айналдырды. Бір адамдар – миллиардтар Солтүстік Қазақстан облысында ірі жол тапсырыстарын тұрақты алып отырған мердігерлер қатарында «Новинтех» ЖШС—де бар. Келісімшарттарына қарағанда, компания облыстық та, аудандық та деңгейде белсенді жұмыс істеп келеді. 2026 жылы облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен «Петропавл (қала шекарасы) – Ташкентка – Барневка – Долматово» автожолын орташа жөндеу бойынша 1,75 млрд теңгелік келісім жасалған. Тағы бір шарт – 720,8 млн теңгеге – Уәлиханов ауданындағы «Кішкенекөл–Тельжан–Мортық–Тлеусай–Қаратөрек» жолын жөндеу туралы. Жекелеген келісімдердің едәуір бөлігі Уәлиханов ауданына тиесілі. Ондағы сәулет, құрылыс, ТКШ және автожолдар бөлімімен мынадай шарттар жасалған:   • 274,7 млн теңге – Көктерек–Тоспа–Жасқайрат–Қайрат жолын жөндеу (0–7 км); • 682,9 млн теңге – «Чехово–Молодая Гвардия» жолын жөндеу (0–26 км). Мағжан Жұмабаев ауданында компания «Таманское–Пулеметовка» жолын (15 км) орташа жөндеу бойынша 1,43 млрд теңгелік келісімшарт алған. Сонымен қатар «Новинтех» ауылішілік жолдарға да кіріскен: • 289,9 млн теңге – Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылындағы көшелерді жөндеу; • 150,4 млн теңге – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка ауылындағы көшелерді жөндеу. Тек осы аталған келісімдердің өзін қоссақ, сома 5 млрд теңгеден асады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Новинтех» ЖШС 2009 жылғы 19 мамырда Уәлиханов ауданында, Кішкенекөл ауылында, Ш. Уәлиханов көшесі, 156 мекенжайында тіркелген. Қызметкерлер саны 41–50 адам болатын шағын кәсіпорын. Негізгі қызметі – жол және автомагистраль салу, сондай-ақ жүк тасымалы. Компанияда 62 лицензия мен рұқсат бар. Басшысы әрі құрылтайшысы – Маргарян Валерик Айкоевич. pk.uchet.kz мәліметінше, «Новинтех» жұмыс істеген жылдары мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 60,9 млрд теңгеге (ҚҚС-пен) 269 келісімшарт жасаған. Уақыттық кесінді де назар аударарлық: 2020 жылға дейін компания шағын сомадағы тендерлерді ұтып келген, ал ірі келісімдер дәл осы жылдан бастап көбейген. Сол кезден бастап бюджетке төленетін салық та, сәйкесінше компанияның табысы да артқан. Осылайша шағын ауыл кәсіпорны өңірдегі миллиардтаған жол жобаларының белсенді қатысушысына айналған. «Новинтех» компаниясының салық аударымдары: 2015 ж. – 440 808 ₸ 2016 ж. – 433 737 ₸ 2017 ж. – 2 097 139 ₸ 2018 ж. – 3 451 875,4 ₸ 2019 ж. – 26 388 988 ₸ 2020 ж. – 94 395 982,5 ₸ 2021 ж. – 157 296 350,8 ₸ 2022 ж. – –14 090 571,7 ₸ 2023 ж. – 123 751 065,7 ₸ 2024 ж. – 225 297 996,8 ₸ 2025 ж. – 430 796 244,6 ₸ 2026 ж. – 3 287 568,8 ₸ (pk.uchet.kz деректері бойынша)   Әрине, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басқа да компаниялармен келісімдері бар. Бірақ олар тұрақты емес. Мысалы, Ақмола облысындағы «ЭлитСтройКомплект»-пен екі ірі келісім – 1,2 млрд және 5,2 млрд теңгеге жасалған. Сондай-ақ СҚО-дағы компаниялармен де келісімдер бар: «МГА-Дорстрой»-мен 138 млн және 1,4 млрд теңгеге, «Титан-Север»-мен 882 млн және 590 млн теңгеге, «Құрылыс-Сервис-СК»-пен 4 млрд теңгеге шарттар жасалған. Бірақ бұлар көбіне бір реттік келісімдер. Негізінен бұл компаниялар аудандық немесе ауылдық әкімдіктермен жұмыс істейді. Осылайша, келісімшарттар массивін қаншалықты терең талдасаң, соншалықты бір үрдіс анық көрінеді: СҚО-дағы жол нарығы формалды түрде ашық болғанымен, негізгі жұмыс көлемі тұрақты мердігерлер тобының қолында қалып отыр. Облыста жыл сайын жол салынып, жөнделеді. Бірақ нақты кім асфальт төсеп жатқанын қарасаң, ойыншылар құрамы жол жабынынан әлдеқайда сирек өзгеретінін байқайсың.

Related

Асфальтқа төселген теңгелер: СҚО әкімдігі миллиардтарды тек тұрақты монополистерге беріп келеді · Todayinfo