Танымал қазақстандық журналист Асхат Ниязов Семейдегі Dala SK тұрғын үй құрылыс компаниясын жарнамалаған соң, халық жаппай қаражат салған. Алайда кейін белгілі болғандай, компанияда құрылыс жүргізуге заңды рұқсат болмаған,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«2024 жылдың соңында Dala SK-ға жарнама жасадым. Кейін олардың лицензиясы жоқ екенін білдім. Семейге барып, салымшылармен кездесіп, бұл жағдай жайлы видео түсірдім», – дейді журналист.
Асхат Ниязов Telegram желісіндегі кей жазбалардың жалған екенін де айтты. Оның айтуынша, пәтерлер сатылмаған, бірақ адамдар ақша құйған.
«Үй сүрілуі мүмкін деген соң құрылыс тоқтады. Сол себепті адамдар наразылық білдіріп жатыр», – дейді ол.
Ниязов жарнама жасағанда кешеннің 3-4 қабаты тұрғызылып қойғанын, соған қарап құрылыс заңды деп ойлағанын айтты.
«Құжаттарды тексермегенім – менің қателігім. Бұл үшін жауап беремін. Адамдардан кешірім сұраймын», – деді ол Jibek Joly арнасына берген сұхбатында.
Қазір журналист жәбірленушілермен бірге жаңа инвестор іздеп жатыр.
Журналист компанияның бастапқыда сапасыз жөндеу жұмыстары үшін ақша қайтарғанын, кейін заңсыз құрылыс фактісі анықталғанын мәлімдеді.
«Dala SK басшыларының бірі – Дәурен қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды», – деді Асхат Ниязов.




