Todayinfo.kz
NewsView all articles

«Байынқолдың суын 80 жыл іштім»: Қазақстандағы қариясы көп ауылдың ақсақалы ұзақ жасаудың сырын айтты

Алматы облысында тоқсан жастан асқан, кілең қарттар тұратын ауыл бар. Райымбек ауданындағы Жамбыл ауылында тоқсанды алқымдаған отыздан астам қария өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі. Тау етегіндегі шағын ауылдың тұрғындары шетінен ұзақ өмір

By Айғаным Нариманова··2 min read
«Байынқолдың суын 80 жыл іштім»: Қазақстандағы қариясы көп ауылдың ақсақалы ұзақ жасаудың сырын айтты

Алматы облысында тоқсан жастан асқан, кілең қарттар тұратын ауыл бар. Райымбек ауданындағы Жамбыл ауылында тоқсанды алқымдаған отыздан астам қария өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Тау етегіндегі шағын ауылдың тұрғындары шетінен ұзақ өмір сүреді. Қытаймен шекаралас аймақта орналасқан Жамбыл ауылы Алматыдан 350 шақырым жерде орналасқан. Кілең ардагер құрдастар тұратын ауылдағы ақсақалдар ұзақ өмір сүрудің сырын айтып берді.

«Ешқайда қоныс аудармай, осы ауылда тұрып, міне, тоқсан жасқа келіп қалдым. Нарынқолдың табиғаты ерекше таза, Байынқолдың суын ес білгелі тасып іштік. Суының басы — алтын. “Пләк пен тәшкіміз” қолдан түскеніне бір жыл ғана болды. Суды енді үйден ішетін болдық. Байынқолдың суы — алтын болғаннан кейін көп жасап жатырмыз. Алдымыз — 95 жасқа келгендер. Одан кейінгі үлкені менмін осы ауылдағы», — деді Алматы облысы Райымбек ауданы Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Мэлс Әлімбеков.

Жамбыл ауылдық округінде 90 жасқа келген 30-ға жуық қария бар. Олардың көбі — сұрапыл соғыс жылдарында туған. Жоқшылық пен таршылықты, ауыр еңбек пен қолайсыз ауа райын, шаруашылықтың түрлі қиындықтарын бастан өткерген ата-әжелер.

«Бір ауылда 1938 жылы туып, аман қалған еркектің бірі — менмін. Қариялардың көп жасауының себебі — судың тазалығы, ауаның тазалығы, мына орман-тоғай, қарағайдың көптігі. Ауа таза болғаннан кейін көп жасап жатқанымыз. Қолдың тамағын ішеміз. Етсіз отыра алмаймыз. Көкөністен көп жемейміз енді. Арпа-бидайдан көже ішеміз. Байынқолдың суының құрамында алтын бар. Бұрын алтынды шайқап алғанын көзбен көргенбіз. Соның сарқындылары ғой ішіп жатқанымыз», — дейді жасы тоқсанды алқымдаған қария.

Қазыналы қарты көп ауылда 70–80 жасқа келгендер де баршылық. Ауылда шамамен бес жүз түтін тұрады. Жастардың жадына ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр мен өткен тарихты сіңіруге қарттар көп атсалысады. Ертеректе жастары тоқсаннан асқан елуге жуық адам болған. Құрдас-замандастардың қатары соңғы төрт-бес жылда біраз селдіреп қалған.

«Екі ұл, бір қызым бар. Қолымда бес немерем бар. Нарынқолдағы немерем — үшеу. Қыздікі — бесеу. Олардан шөбере де, шөпшек те көріп жатырмын. Жоқшылықтың да шет жағасын көрдік. Соғыс жылында тудық қой. Ол кезде мұндай шүберек киімдер кимедік қой. Қазір елдің жағдайы жақсарды. Ұрпақтарымыз жақсы өмір сүріп келеді, әдеп-ғұрыпты ұмытпаған. Білгенімізді үйретіп, кеңестерімізді айтып отырамыз», — дейді еңбек ардагері.

Бұл жақтың халқы жаз бойы саумал ішіп, қолдың құртын, сары майын үзбей тұтынады. Шөбі шүйгін жердің еті дастарханнан кетпеген, құрты сөреден кеміген емес. Қуатты, қажырлы келетін тау тұрғындары көкөніске көп әуес болмаған және оған мүмкіндіктері де бола қоймағанын айтады.

«Біздің округке Жамбыл мен Қаратоған елді мекендері қарайды. Екі ауылда 2500 адам тұрады. Ақсақалдары көп ауыл саналамыз. Оның ішінде 12 тыл ардагері бар. 100 жасқа келген кісілер де бар. Қазір балаларына, қыздарына барып, жан-жақта қыдырып жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын қариялардың саны алпысқа жуықтайтын. Қазір отыз шақтысы қалды. Мына Мэлс атаның өзі ауыр техника айдаған. Жолдасы да трактор жүргізген. Егістік, тың игеру, бүкіл жұмысқа араласқан шаруалар ғой. Ал 70–80 жасқа келгендер өте көп», — деді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Роман Көлбаев.

Related

«Байынқолдың суын 80 жыл іштім»: Қазақстандағы қариясы көп ауылдың ақсақалы ұзақ жасаудың сырын айтты · Todayinfo