Қазақстандық боксшы Балауса Мұздыман ұзақ үзілістен кейін кәсіпқой рингке қайта шығып, жеңіске жетті.

Алматыда өткен Akhmedov Promotions бокс кешінде қазақстандық спортшы Қырғызстан өкілі Аделина Сатыбалдыевамен жұдырықтасты. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен жекпе-жек толық раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіс Балауса Мұздыманға бұйырды.

Осылайша, қазақстандық боксшы кәсіпқой мансабындағы жеңіліссіз сериясын жалғастырып, рекордын 10 жеңіске дейін жеткізді. Оның жетеуі нокаутпен аяқталған.

Айта кетейік, Балауса Мұздыман бұған дейін кәсіпқой рингке 2025 жылдың қыркүйегінде шыққан болатын. Сол кезде ол үндістандық Мамта Сингхті төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.