Todayinfo.kz
NewsView all articles

Бектенов: Кей өңірлерде ауылдық медициналық нысандар құрылысы тым баяу жүріп жатыр

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы кейбір өңірлерде медициналық нысандардың құрылысы өте баяу жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет отырысында айтты,деп хабар

By Айғаным Нариманова··2 min read
Бектенов: Кей өңірлерде ауылдық медициналық нысандар құрылысы тым баяу жүріп жатыр
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы кейбір өңірлерде медициналық нысандардың құрылысы өте баяу жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет отырысында айтты,деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Оның айтуынша, ұлттық жоба аясында 650-ден астам ауылдық елді мекенде заманауи медициналық пунктер салу жоспарланған. Қазіргі таңда Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Премьер-министрдің мәліметінше, кейбір облыстарда жобалық-сметалық құжаттар мүлдем дайын емес. Мәселен: Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында 6 нысан бойынша жобалық құжаттама әлі әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 8 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шықпаған.
«Өңір әкімдері тарапынан жобалау және құрылыс жұмысына бақылаудың әлсіз болуы жобаның жүзеге асырылу мерзімінің созылып кетуіне алып келеді», – деді Бектенов.
Премьер құрылыс маусымының тиімді өтуін қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті:
«Мемлекет басшысы алға қойған мақсатқа қол жеткізу – бар күш-жігерді жұмылдыруды қажет етеді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне барлық 188 нысанды салу және ауруханаларды жаңғырту жұмысын апта сайын мониторингтеп отыруды тапсырамын», – деді Үкімет басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жоспарланған 655 медициналық нысанның 467-сі толық аяқталғанын, ал қалған 188 нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетінін хабарлаған болатын.  

Related

Бектенов: Кей өңірлерде ауылдық медициналық нысандар құрылысы тым баяу жүріп жатыр · Todayinfo