Todayinfo.kz
NewsView all articles

Мұртаза Бұлұтай тіл тақырыбын халықаралық тәжірибемен салыстырды

Философия ғылымдарының докторы (PhD), мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙ қостілділік мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. ТІЛ МӘСЕЛЕСІ – ДІЛ МӘСЕЛЕСІ Жаңа конституция жобасы талқыға түскелі бері тіл мәселесі туралы пікірлер

By Айғаным Нариманова··8 min read
Мұртаза Бұлұтай тіл тақырыбын халықаралық тәжірибемен салыстырды

Философия ғылымдарының докторы (PhD), мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙ қостілділік мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

ТІЛ МӘСЕЛЕСІ – ДІЛ МӘСЕЛЕСІ

Жаңа конституция жобасы талқыға түскелі бері тіл мәселесі туралы пікірлер әлеуметтік желілерде көбейіп кетті, мен де жиырмашақты жазбам арқалы осы кеңеске үлес қосқандай болдым, қолдаушылар баршылық, қарсы пікір білдіргендер де аз емес. Мен үшін ең маңыздысы еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап қалу, Қазақстанның халқы мен жерінің бүтіндігін нығайтып, болашақ ұрпаққа дамыған ауқатты ел ретінде тәсілім ету. Әр нәрсе ойдағыдай болмауы мүмкін, әр нәрсе қалағанымыздай болмауы мүмкін, ешбір елде ондай болмайды, болуы мүмкін емес. Сан миллиондаған халқы болған соң, алуан түрлі этностар тұрған соң, кез келген мемлекеттің ішкі проблемасы шаш етектен десек артық айтқан емес. Ең дамыған, ең бай дейтін Германия, Франция, Америка, Жапония тб сияқты елдерді алсаңыз да, мүшкіл мәселелері жетіп артылады. Бір мәселеде біз олардан озып тұрсақ, енді бір мәселеде кейін қалған болуымыз әбден мүмкін, бұл табиғи нәрсе. Сондықтан, еліміздің жетістіктерін де бағалап, парасатты ішкі саясат ұстанып, осы даму жолымызды ары қарай жалғастыруымыз керек деп сенемін.

ТІЛ – ҰЛТТЫҚ ТҰТАСТЫҚТЫҢ НЕГІЗІ

Тілге келер болсақ, әрине ол біз үшін өте маңызды тақырып, кешегі Совет дәуірін көрген, оның алдындағы отарлық кезеңді бастан кешкен халық ретінде бұл біздің ұлттық тұтастығымыз бен тәуелсіздігіміздің, ұлттық идентификациямыздың басты айқындаушысы, көпэтносты еліміздің ішкі ынтымағын қуаттайтын басты күштің бірі. Дегенмен, ойдағы арман мен өмірдегі шындықты айқастырмай, қайта осы екеуін үйлестіре отырып, салиқалы жолды таңдамасақ, дәл бүгінгі күнде стратегиялық қателікке ұрынуымыз мүмкін. Тәуелсіздік алғалы өткен 35 жылда қазақ тілінің салмағы артып, қолдану аясы өсіп келеді, ең бастысы мектеп оқушыларының басым бөлігі қазақша білім алып жатыр, демек тілдің болашағына төніп тұрған қауіп жоқ. 1995 жылғы конституцияда және осы ұсынылған жаңа нұсқада «Қазақ тілі мемлекеттің тілі» деп ашық жазылған, бұл ұлтты ұйыстырып, мемлекеттің негізгі бағдарын айқындайтын символдық мәні бар маңызды көрсеткіш.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ: РЕСМИ ТІЛ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ТІЛІ

Енді әлемдік тәжірибеге сәл назар аударып көрейік. Жалпы, әлемдегі 180-200 елдің көбінің конституциясында «мемлекет тілі» деген ұғым жоқ екен, оның орнына көп елде негізгі заң бойынша «ресми тіл» деген құқықтық статус берілген тілдер бар. Ал бір қызығы кей елдерде тіпті ол да жоқ, ешбір тіл заңды статус иемденбеген елдер де бар. Мисалға, АҚШ елінде бірнеше ғасыр бойы ешбір тіл «ресми тіл» деген статуста болмаған, тек былтыр ғана 1 наурызда президент Трамптың №14224 қаулысымен ағылшын тілі АҚШ көлемінде ресми тіл болып жарияланғаны есімізде, дегенмен мемлекет тілі деген ұғым жоқ оларда. Сол сияқты Біріккен патшалық (Британия), Австралия, Мексика сияқты ірі де ықпалды елдерде конституция бойынша ешбір тіл ресми тіл деп жарияланбаған. Мексикада кең таралған тіл испанша, бірақ жергілікті тайпалардың да өз тілдері бар ғой, бәріне рұқсат етілген, десе де ел көлемінде ең көп қолданылатыны испанша. Британия мен Австралияда ағылшынша көп қолданылғанымен кейбір өңірлердің өз тілі бар, мемлекет тілі деген ұғым жоқ бұларда.

КӨПТІЛДІ МЕМЛЕКЕТТЕР ҮЛГІСІ

Жә, бірнеше тілді заңмен ресми тіл етіп бекіткен елдер де бар, олар едәуір көп екен: Боливияда 37 тіл ресми тіл деп жарияланса, Оңтүстік Африка республикасында 11 тіл, Швейцарияда 4, Бельгияда 3, Канада, Финляндия және Ирландияда 2 тіл ресми статусқа ие. 1,5 млрд халқы бар Үндістанда Һинду және ағылшын тілдері ел көлемінде ресми тіл деп танылса, әр аймақта өзінің ішкі ресми тілі бар көрінеді, сондай 22 тіл (Бенгали, Тамиль, Телугу тб) сан миллиондаған адам сөйлейтін ресми тілдің қатарынан. Осындай алпысқа жуық елде заңдармен бекітілген ресми тілдер бар, миллиардтаған тұрғын өзінің білген тілінде сөйлеп, еңбек етіп өмірін жалғастыруда. Тарихи контекст салдарынан колониалдық эраны бастан кешкен немесе алуан түрлі этностардан құралған елдерде бірнеше тілді білу заңдылық, туып өскен ортасына, алған біліміне және еңбек саласына қарай олар әр тілді ретімен керектеніп жүре береді, мәселе жоқ.

КӨРШІ ЕЛДЕРДЕГІ ТІЛ САЯСАТЫ

Жақын елдердің жағдайына қарайтын болсақ, Қырғызстанда мемлекет тілі қырғызша, ал орыс тілі ресми тіл деп бекітілген, екі тілді де қолдануға болады, мемлекет қырғыз тіліне басымдық беріп қолдағанымен орыс тіліне еш шектеу жоқ. Көршіміз Өзбекістанда мемлекет тілі өзбекше, орыс тіліне заңмен ерекше статус берілмесе де ол қолданыстан шыққан жоқ, әлеуметтік орталарда, интернет ресурстары мен бизнесте еркін қолданылады. Беларус елінде екі тіл мемлекет тілі деп бекітілген екен: беларус және орыс тілдері. Мемлекет тілі мемлекеттің негізін қалайтын факторлардың бірі, тәуелсіздіңтік символы ретінде қарастырылса, ресми тіл көбінесе ұлтаралық қатынас тілі, күнделікті өмірдегі қатынастарда жиі қолданылатын тіл ретінде көзге түседі.

ТІЛ ДАУЫНЫҢ ҚАУІПТЕРІ

Тіл өте нәзік мәселе, әр халық өз тілін сақтап үстем еткісі келеді. Кейбір көптілді көпэтносты елдерде тіл саясаты дұрыс жүргізілмегендіктен тіл дауы ішкі жанжалға ұласып жатқан жағдайлар бар. Іріткі салып ішкі жанжал шығаруды көздейтін сыртқа күштерге бұл таптырмас құрал, олар тіл дауын ушықтырып сол елдерде сепаратистік әрекеттердің туындауына бар күшін салады, осыны сол елдің билігіне ықпал ету үшін қолданады, қысым көрсетеді. Мисалға, Шри Ланка еліндегі саны мол этнос синхала тілі ғана жүру керек деп, оған саны аз тамильдер наразылық танытып 1983-2009 аралығында ішкі қақтығыстар болып, жүз мыңнан астам адам қаза тапқан. Қазір мәселе реттелген сияқты десек те, солтүстік өлкелерде әлі кернеу бар. Африкадағы Камерун елінде басым көпшілік французша сөйлегенімен ағылшынша сөйлейтін топтар да бар. Жергілікті тайпа тілдері де бар. Екі тілдің жақтаушылары бірбірімен бәсекелесіп, соңынан маргинализация және оқшаулау талпыныстары қарулы қақтығыстарға жеткені өкінішті. Украина мемлекеті де тіл дауы кесірінен сепаратизм дертіне ұрынған елдердің қатарында аталуда. Ал дәл осы елдердегідей қарулы қақтығысқа жетпесе де, Бельгия (фламанша және французша сөйлеушілер), Испанияның кейбір аймақтарында (Баск және Каталония), Мароккода (арабша және бәрбер тілі), Балтық елдерінде тіл мәселесі басылар емес, оқтын оқтын көтеріліп жалындап кетуге дайын тұрады.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАЗІРГІ МӘРТЕБЕСІ

Конституцияның 12 ақпан күні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған соңғы нұсқасындағы тіл туралы үкімдер келтірілген 9 бабы дұрыс деп ойлаймын. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілі мемлекет тілі деген ең биік мәртебеге ие, мемлекет тарапынан ең көп қолдау қазақ тіліне жасалуда, білім жүйесі, мемлекеттік тапсырыс, қазақша бұқаралық ақпарат құралдарының молдығы және эфир уақытының қазақ тілінің мүддесіне қарай ойысуы осының дәлелі ғой. Жоғары оқу орындарында қазақ тілі мамандарын даярлайтын бөлімдер бар, тілбілімі және зерттеу институттары, қазақ театрлары, консерваторя мен өнер академиялары тұрақты істеп жатыр, жазушыларымыздың еңбектері том том жариялануда. Осының бәрі өте қуанышты жәйттер, туған тіліміз тарихта ешқашан да дәл осындай мәртебеге, осындай әлеуетке ие болған емес! Қазақ тіліне заңдық тұрғыдан ең жоғары мәртебе берілген, мемлекеттің қолдауында, ендігі мәселе оны бәсекеге қабілетті және ел көлемінде қолданылатын қатынас тіліне айландыру.

ОРЫС ТІЛІНІҢ РӨЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақ тілімен қатар ресми түрде қолданылатын орыс тілі республикамыз тұрғындарының басым бөлігі білетін ұлтаралық қатынас тілі, барлық этнос уәкілдері түсінетін және ұғыса алатын тіл, сонымен қатар бұрынғы Кеңес Одағынан бөлініп шыққан елдердің бәрінде қолданылатын тіл десек қата болмас. Бұл күнде орыс тілін түсінетін адамдардың әлемдегі жалпы саны 300-350 млн адам мөлшерінде, бұл аз емес. Орыс тілі Қазақстан мүшесі болып табылатын Евразия экономикалық одағы елдерінде, Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы елдерінде кең қолданысқа ие, БҰҰ шеңберінде қолданылатын бірнеше ресми тілдің бірі, демек әлемдік ауқымға ие, мүмкіндігі мол тілдің бірі. Миллиондаған адам осы тілде білім алды, білім берді, еңбек етті, сауат ашты, ән шырқады, хат жазды. Сондықтан, оны бір күнде сылып алып тастауға болмайды деген пікірдемін. Жалпы тіл білген жақсы ғой, қанша тіл білсең сонша жақсы. Тілді тілге қарсы қою немесе тіл дауын өршітіп елдің сиқын кетіру еш дұрыс емес, халық пен халықтың достығы тікелей тілдер арасындағы достық қатынасқа байланысты. Қорытынды ретінде айтарым, туған тілімізді ары қарай дамытып өмірдегі рөлін нығайтуға қолымыздан келген әрекетті жасап жалғастырайық, сонымен қатар әбден қалыптасқан және әлі де жоғары талапқа ие орыс тілін де қатар қолдана берейік, бұдан ұтпасақ ұтылмаймыз. Осы салиқалы сарабдал стратегия дұрыс жалғасып, ішкі татулық пен тұрақты даму барыстары қарқында жүре берсе, алдағы 10-15 жылда қазақ тілінің қолданыстағы үлесі бірінші орынға жетеді деген үміттемін.

Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙ,
Философия ғылымдарының докторы (PhD),
Мәдениеттанушы ғалым

Related

Мұртаза Бұлұтай тіл тақырыбын халықаралық тәжірибемен салыстырды · Todayinfo