Қарағанды облысында 70-тен астам кәсіпорынның еңбек ұжымы алдағы референдумға және жаңа Конституция жобасына қолдау білдіріп жатыр. Олар өз ұстанымдарын білдіру үшін бейнеүндеулер жазып, арнайы жиындар өткізуде, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бастаманы өңірдегі ірі өндіріс орындарынан бастап, шағын және орта бизнес өкілдеріне дейін қолдап отыр. Олардың қатарында Саран индустриялық аймағында орналасқан заманауи машина жасау кешені – QazTehna зауыты да бар. Бұл кәсіпорын түрлі автобустар мен арнайы техникалар шығарады және аймақ тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған маңызды нысандардың бірі.
Еңбек ұжымы өкілдері жаңа Конституцияның қарапайым жұмысшының құқығын қорғауға бағытталғанын айтады.
«Біз үшін Конституцияның еңбек адамының мүддесін қорғауы, тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділікті қамтамасыз етуі маңызды. Мықты құқықтық негіз – кәсіпорындарымыздың дамуы мен отбасыларымыздың игілігі үшін іргетас», - дейді олар.
«Балқаш-Нан» кәсіпорнының қызметкерлері де бұл пікірге қосылады. Олар үшін Негізгі заңдағы еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауға қатысты ережелердің маңызы зор.
«Жаңа Конституцияда еңбек қауіпсіздігі туралы айтылған. Біз күн сайын пештің қасында, ыстықта жұмыс істейміз. Жаңа заң бізге қауіпсіз еңбек жағдайына, жұмыс кестесін сақтауға, әлеуметтік қолдау мен демалуға құқық береді. Әр адамның еңбегі бағаланатыны бекітілген», - дейді жұмысшылар.
Ал «MAKER» ЖШС директоры Андрей Сафоновтың айтуынша, жаңа Конституция әділеттілік қағидаттарын нығайтып, елдің тұрақты дамуына жағдай жасайды.
«Біз мықты әрі әділ мемлекет заңға, ашықтыққа және әрбір адамның құқығын құрметтеуге негізделетініне сенімдіміз. Жаңа Конституция осы қағидаттарды нығайтуға бағытталған», - деді ол.
Кәсіпорын қызметкерлері бүгінгі таңда белсенді азаматтық ұстаным таныту маңызды екенін, ал референдум – әркімнің ел болашағына үлес қосуына берілген мүмкіндік деп санайды.
Фото: Әлеуметтік желіден




