Қазақстанда биылғы наурыз айындағы референдумда қабылданған жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен нормаларын іске асыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Конституцияға сәйкес әзірленген бірқатар маңызды заң жобалары бірінші оқылымда қаралды. Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясын, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның жаңа нұсқасын, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылады.

Ерлан Қариннің сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституция талаптарына бейімдеуге, мемлекеттік-саяси жүйені жаңғыртуға және елдегі саяси реформаларды одан әрі дамытуға бағытталған.

Мемлекеттік кеңесші заңнаманы жаңарту үдерісі мен алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның конституциялық қағидаттарға негізделген жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсететінін атап өтті.

Сондай-ақ ол Әділетті Қазақстан қағидаттарын жүзеге асыруда құқықтық жүйені жетілдіру мен саяси институттардың тиімділігін арттыру маңызды рөл атқаратынын жеткізді.