Белгілі актриса Ева Грин түсірілімі тоқтап қалған «Патриот» ғылыми-фантастикалық фильміне қатысты сотта жеңіп шықты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Лондонның Жоғарғы соты White Lantern продюсерлік компаниясын актрисаға 1 миллион доллар көлеміндегі қаламақысын төлеуге міндеттеді.
Судья Майкл Гриннің шешімі бойынша, актриса келісімшарт талаптарына сәйкес өз сыйақысын алуға толық құқылы. Осылайша сот White Lantern компаниясының актрисаға қарсы түсірген талап-арызын қанағаттандырмады.
Бұған дейін продюсерлер Гриннің өзін «дива» сияқты ұстап, түсірілімді әдейі тоқтатты және келісімшартты бұзды деп айыптаған еді. Олар актрисадан 100 миллион доллар өтемақы талап еткен болатын.
Сот процесі кезінде Гриннің WhatsApp желісіндегі жеке хат-хабарлары жарияланды. Онда актриса продюсерлердің бірін «сайтан», ал түсірілім тобының мүшелерін «шаруалар» деп атағаны белгілі болды.
Актрисаның өзі мұны жергілікті түсірілім тобымен жұмыс істегісі келмегенімен түсіндірген. Ол фильмнің сапасы «төмен деңгейде» болып қалады деп қауіптенген.
Осындай даулы хаттарға қарамастан, судья Ева Грин келісімшартты бұзбаған және түсірілімнен бас тартпаған деген қорытындыға келді. Шешімде актрисаның фильм сапасына шынымен алаңдағаны ескерілген.
«Бірнеше адамның ашкөздігінен тоқтап қалған керемет фильмді қорғауға мәжбүр болдым. Мен өзім жақсы көрген туынды үшін күрестім», — деді Ева Грин өз мәлімдемесінде.
Ева Грин көрермендерге «Казино „Рояль“» және «Мисс Перегриннің ерекше балалар үйі» фильмдеріндегі рөлдері арқылы жақсы танымал.




